15 Желтоқсан 11:28

Men Media: Журналистерге қысым НЕГЕ көбейіп кетті?

Фото:

Жуырда ғана жұмысын бастаған «Men media» кросс-медиа платформасы Ұлттық баспасөз клубымен бірлесіп, «ҚР Әскери соты журналистке қатысты заңсыздық ұйымдастырды» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді.

Іс-шараға «Еркіндік қанаты» ҚҚ заңгері және кеңесшісі Роман Реймер, «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ заңгері Гүлмира Біржанова және «Sotreport.kz» желілік басылымның журналисті Татьяна Ковалева қатысты. 

Nege.kz тілшісі ҚР Әскери сотының апелляциялық алқасы журналист Татьяна Ковалеваны не үшін сотқа бергенін сұрады. Судьялар Ерлан Қосмұратов, Рамазан Хасенов, Ғазиз Сақаловтың пікірінше, журналист Татьяна Ковалева «БАҚ туралы» ҚР заңын бұзып, «Тараптардың бірінің пайдасына шешім қабылдау үшін сот төрелігін іске асыру бойынша сотқа ықпал ету мақсатында» материалдар жариялаған.

«Журналист Ковалева істі апелляциялық кезеңдегі сотта қарау барысында интернет-ресурстарда сотталғандарды қорғау тарапының құқығы туралы қоғамдық пікір қалыптастыруға бағытталған ақпаратты орналастыра отырып, заңнама талаптары мен БАҚ қызметінің қағидаттарын өрескел және бірнеше рет бұзуға жол берді. Журналист мұндай әрекеттерді 24 қыркүйекте «Мемлекеттік қорғаныс тапсырысының ісі: келісім орындалды, тапсырыс берушіде шағымдар жоқ, бірақ олар әлі де біреуді отырғызады» деген мақала жариялап, онда Дәлеев пен Айқұловтың кінәсіздігі туралы апелляциялық сот өз бетінше қорытынды жасады», – делінген жеке сот шешімінде.

Қазақстанның сот журналистері лигасының өкілі Татьяна Ковалева Әскери соттың өзіне қатысты шығарған қаулысы заңсыз дейді. Алайда  сот басылымда жарияланған сот тыңдаулары туралы мақалаларды шындыққа сәйкес емес деп танып, оларды өшіруді талап еткен. Талаппен келіспеген Ковалева сот осы шешімі арқылы елдегі сот жүйесіндегі ашықтық пен жариялыққа кедергі келтіріп отыр деп санайды.

«Негізі сот отырыстарынан ақпарат тарата бастағаныма бес жылға жуықтады. Әртүрлі істерге қатысып, түрлі жағдай болды. Сот үкімін жариялау кезінде Әскери соттың судьясы маған жеке қаулы шығарғанын мәлімдеді. Қаулыға сәйкес, материал БАҚ туралы заңға қайшы. Онда сотқа қысым көрсету және жалған ақпарат жарияланғаны жазылған екен. Бірақ сот ешқандай дәйек келтірмеген. Осыны ескере келе, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне журналиске шара қолдануды ұсынған.

Мен 2018 жылы Ұлттық гвардияда мемлекеттік тапсырысты орындау кезінде ақшаны жымқыру ісі бойынша болған сот отырыстарынан ақпарат таратқан болатынмын. Сот аталған 10 мақаланың ішінде нақты екі материалға шүйлігіп отыр. Екеуі де Ұлттық қауіпсіздік комитеті жайлы еді. Сол үшін де ұнамай қалған болар, білмеймін. Шындап келгенде, осындай жеке қаулылар журналистер үшін қауіпті. Егер бірнеше рет қайталанса, мені келесі сотқа қатыстырмауы мүмкін деп ойлаймын», – деді Татьяна Ковалева.

Татьяна Ковалева өзіне тағылған айыппен келіспейді. Себебі ол материалды талапкер тарап Ішкі істер министрлігі берген ақпаратына сүйеніп жазғанын айтады.
Ал «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының заңгері Роман Реймердің айтуынша, сот отырыстарында журналистердің қызметіне кедергі келтіру көбейіп барады. Алайда ол соттың журналиске қатысты жеке қаулы шығаруы бірінші рет болып отырғанын ескертті. 

«Бұл ретте судьялар өз мәлімдемелерінің пайдасына бірде-бір дәлел-дәйек келтірмеді. Бірақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қарарға «жауап беруге» міндеттелді.

Айта кету керек, Татьяна Ковалева сот алқасы қарастырып жатқан қылмыстық іс аясында ешқандай процессуалдық мәртебеге ие болған жоқ. Ол тыңдаушы БАҚ өкілі ретінде қатысып, сот өндірісінің жариялылығы принципіне сәйкес сот залынан материалдар жазды», – деп түсіндірді Роман Реймер. 

Медиа сарапшылар Қазақстанда журналистердің ақпарат таратуына жиі кедергі жасалатынын айтады. Нақтырақ айтсақ, бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев ақпарат құралдарына сот өндірісінде жатқан істер туралы ақпаратты жариялауға тыйым салуды ұсынған. Алайдай мәжілісмен өз сөзін дұрыс жетакізбегенін айтып, ақталған болатын.

Серік Жолдасбай, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: