28 Қаңтар 18:04

Мемлекет басшысы БАӘ-де бірқатар кездесу өткізді

Фото:

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында бірқатар кездесу өткізді. Бұл туралы Президенттің ресми сайты хабарлады.

Нұр-Сұлтан, NEGE. Кеше Мемлекет басшысы «Aldar Properties» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Әл Мүбәракпен кездесу өткізді. Мұхаммед Әл Мүбәрак Қасым-Жомарт Тоқаевқа аталған компанияның іске асырып жатқан «Abu Dhabi Plaza» жобасының қазіргі жағдайы, Нұр-Сұлтан қаласындағы көпфункционалды кешеннің құрылысын белгіленген уақытта аяқтау үшін атқарылып жатқан қосымша жұмыстар туралы баяндады.

Қазақстан Президенті еліміздегі ең ірі құрылыс нысандарының бірі саналатын жобаның уақытылы аяқталып, халық игілігіне берілетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында туризм индустриясындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда басымдыққа ие он туристік бағыттың анықталғанын атап өтіп, оларды әлемдік деңгейдегі барлық қажетті туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты.  Оның айтуынша, аталған салаға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары, оның ішінде, салықтық жеңілдіктер, базалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Ал бүгін Қазақстан Президенті Абу Даби Әмірлігін билеуші әулеттің өкілі, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ірі бизнес өкілі, «Etihad Towers» көпфункционалды кешенінің иесі, «First Abu Dhabi Bank» акционері шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесті.

Кездесуде Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыстағы сенімді серіктестерінің бірі екенін, сапар барысында Абу Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласқандарын атап өтті.

Шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің «West Hydrocarbons Commercial Investment LLC» компаниясының Батыс Қазақстан облысында мұнай өңдеу зауытын салып жатқанын айтты. Алдағы уақытта да біздің елімізбен бірлесіп жұмыс істеуге, жаңа жобаларға инвестиция салуға ниет білдірді.

Тегтер: