Көлгінов кімнің портретін жақсы көреді?

31 мамыр, 15:56
Көлгінов кімнің портретін жақсы көреді?
Фото: nege.kz

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі президенттің портреттерін жаңаламақ. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы дерекке қарағанда, әкімдік 15 портретке тапсырыс берген.

PROTENGE телеграм-каналының жазуынша, әкімдіктің шаруашылық басқармасы 15 портретті 493,5 мың теңгеге сатып алмақ. Портреттердің бағасы 12 мыңнан басталып, 75 мың теңгеге дейін екен.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы дерекке қарағанда, Президент Қ.Тоқаевтың портреті Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың портретінен біршама арзан тұрады.

2019 жылы наурызда өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қ.Тоқаев былай деген: «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының барлық портреттері мен фотолары қоғамдық орындарда, мемлекеттік қызметкерлердің кабинеттерінде және оқу орындары ғимараттарында өзгермейтін атрибут ретінде өз орнында қалады...»

Осыдан да болар, Н.Назарбаевтың портретіне деген сұраныс әлі бәсеңдеген жоқ. Тауар сатумен айналысатын арнайы сайттарда Тұңғыш президенттің портреттеріне жарнама аз емес. Бағасы да әр түрлі.

А.Көлгінов. Фото: inform.kz

Алтай Көлгінов кімді көбірек жақсы көреді? Елбасы Н.Назарбаевты ма, әлде Президент Қ.Тоқаевты ма? Төрінде кімнің портреті ілініп тұр? Әкімнің ресми фотоларынан көрнекті жерден Нұрсұлтан Әбішұлының портретін байқауға болады. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының портреті кабинетінде бар ма?  

Мұны тілшіміз Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен анықтауға тырысқан. Алайда Көлгіновті көлгірсіп мақтамай бермейтін Nege.kz порталын баспасөз қызметі «қара тізімге» кіргізіп қойған сыңайлы. Баспасөз хатшысына соққан қоңырауымызға да, жазған хатымызға да жауап болмаған соң, ресми сауал жолдауды жөн санадық.

Президент Қ.Тоқаев өзінің суреті бейнеленген билбордтарды қала көшелеріне ілуге тыйым салған, бірақ «әкімдер портретімді төріне ілмесін» дегенін естігеміз жоқ...  

#назарбаев #тоқаев #көлгінов
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации