15 Қаңтар 18:06

Қыжыртпа. Жеңіскерлер сәлеміндегі сыр

Фото:

Жалпы, жеңгендерге не істесе де жарасып тұрады ғой өзі. Су жаңа депутаттарға куәлік тапсыру рәсімінен Sputnik жариялаған суреттер әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. «Іші пысқандар» мен «тиісерге қара таппағандар» жеңіскерлер сәлемдесуінен сыр іздеп әлек. Ендеше біз де бекер отырмай, шама-шарқымызша сүйкімді суреттерді «сөйлетіп» көруге тырысайық.

Сурет кейіпкерлерін біз неге «жеңіскерлер» деп атадық? Мұның жауабын сәлден соң ретіне қарай айтамыз. Алдымен ақпараттың жөн-жосығы туралы бірер сөз: Орталық сайлау комиссияның төрағасы Берік Имашев жаңа сайланған депутаттардың куәліктерін қолдарына ұстатқанға ұқсайды. Былай қарасаңыз, салтанатты шара. Біреуді біреу құттықтап, біреуді біреу қолпаштап жататын қуанышқа толы кезең. Мұндайда не болмайды? Адам болған соң, әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Бірақ жатпай-тұрмай талқылап жатқандарына қарағанда, қарапайым халыққа бәрінен бұрын жоғарыдағы екі сурет қызық көрінген сияқты.

Жұдырық жанастыру

Бұрын ғой, жұрт жұдырық жанастырыпты деген сөзді естісе «ее, төбелескен екен ғой» деп топшылайтын. Ал бүгін жұдырық жанастыру дегеніңіз сәлемдесудің ең сәнді түріне айналды. Бірақ оның да жөн-жосығы бар. Мәселен алдынан «Ассалаумағалейкум» деп қолын ала жүгірген қызметкеріне басшы кісі «Мә!» деп жұдырығын бере салуы мүмкін. Бұл бір жағынан – сақтық, екінші жағынан «Орныңды біл!» деген ескертпе.

Карикатура.

Ал мына суретте Нұрлан Нығматулин мен Азат Перуашев абырой-беделі тең кісілердей жұдырық жанастырғалы келе жатыр. Ақжарылқап көңілдің дәйегі іспетті, Мәжіліс төрағасы ел тұмсығын бүркеп жүрген бетпердені екі бүктеп, сол қолына ұстап апты. Шырайына риясыз күлкі үйірілген. Бұл күлкінің сырын жұрт кейін ұқты. Күн айналмай жатып, Елбасы Нығматулинді Мәжіліс төрағалығына ұсынды. Елбасының екі айтқан кезі жоқ. Демек Нығматулин орнында қалады. Басқаша айтсақ, Нығматулин – жеңіскер.

А.Перуашев, Д.Назарбаева, Н.Нығматулин. Фото: sputnik

Ал енді онымен тең дәрежеде амандық сұрасарлықтай Перуашевтің салмағы бар ма? Әрине, бар. Азат басқаратын «Ақ жол» бұл сайлауда 10,95% дауыс алды. Сәл әсірелеп жіберсек, «Нұр Отанмен» құйрықтістескен күйі мәреге жетті. Ендеше елдегі екінші партияның «егесі» неге еңсесін түсіруі керек?! Түсірмейді. Тік жүреді. Тік жүріп қана қоймайды, кіммен қалай амандасуды да өзі біледі.

Дегенмен жалғыз себеп бұл ғана емес. Ұмытпауыңыз керек, Елбасы «орнымнан кетем» дегенде осы Перуашев көз жасына ерік берген. Жылағанда енді отыра қалып, еңіреген түгі жоқ. Бірақ егде кісіге тән екпінмен ырқ ете қалған. Өзі ырқ еткенде, мұрыны бырқ етпеді демесеңіз, тәп-тәуір-ақ жылады. Ал сонда мына жұрт не деп еді? «Еее, бұл Азатың бос жігіт екен» десті. «Жас бала құсап, жылағаны несі?!» деп сөкті.

Ал қазір ше? Қазір халық «Москва слезам не верит» дейтін орыс тәмсілінің қазаққа еш қатысы жоқ екенін түсінді. Жылағың келе ме, жыла! Құдай көрмесе де, «Нұр Отан» көреді!

Осыны елден бұрын түсініп, кәдесіне жарата білген Перуашевті жеңіскер демей көріңіз енді!

Шынтақ қағыстыру

Орталық сайлау комиссияның төрағасы Берік Имашев пен Мәжіліске қайта келген Дариға Назарбаеваның сәлемдесуі шынымен де ерекше шыққан. Тартымды суретке жан бітірер құдірет болса, амандаса сала екеуі билеп ала жөнелетіндей көрінеді. Беттері тұмшаланғанымен, көздеріндегі күлкінің нышаны қырынан қарағанда да менмұндалап тұр.

Әлеуметтік желідегі жұрттың дені мұны құдалықтың жоралғысына ұқсатыпты. Несі бар, құда-құдағи екендері өтірік емес. Құйрық бауыр асасып, құдай қосқан құдандалы болғаннан кейін шегінер жер қайсы?! Әсіресе сағынысып-көріскенде іштегі жылылықтың сыртқа лап ете қалуы қалыпты нәрсе.

Құда мен құдағи. Б.Имашев, Д.Назарбаева. Фото: sputnik 

Әйтсе де ел назарын ерекше аударған дүние амандасуда емес, амандасудың өзгешелеу әдісінде болса керек. Бірақ мұны жаңа тәсіл дей алмаймыз. Қазір екінің бірі көшеде шынтақ қағысып жатады. Демек мәселе құда мен құдағидың әсерлі сәлемдесуінде емес, ОСК төрағасының неге осы әдісті таңдағанында болса керек.

Мұқият қарасаңыз, Берік Имашев резіңке қолғап киіп алған. Мұнысы дұрыс. Мұндай келелі жиында әркім өзінің танысымен құшақтасып амандасса да, еркі. Ал ОСК төрағасы қалаулылардың бәрінің кеудесіне депутат белгісін тағады. Демек біреудің көкірегіндегі вирусты екінші біреудің омырауына «жапсырмауы» қажет.

Міне, осындай жағдайда қарсы алдынан жарқ етіп, құдағиы шыға келді дейік. Құда не істеуі керек? Алақанын бере ме, жұдырығын ұсына ма? Қайсысын қылса да, қолында – қолғап. Бекер адам Дариғамен құда бола ма, Берік Имашев тауып кетті.

Осы амандасуда жақындықтан сыр ұқтырар тағы бір белгі бар. Туыстықты қарыс-қарыс, сүйем-сүйеммен өлшейтін қазақ мұны қапысыз аңғаруы керек. Жақтырмаған адамыңа бір қадам алыс тұрып та қол ұсынуыңа болады. Ал шынтақпен өйте алмайсың. Себебі шынтақ алақанға қарағанда денеге әжептәуір жақын. Басқаша айтсақ, қол алысқан мен құшақтасқанның орта шені. Алақан мен шынтақтың арасындай межеге тағы бір жылжысаңыз, ар жағы – қолтық. Қолтықтасу – туыстықтың шыңы. Демек Дариға Назарбаевамен  амандасуы арқылы Берік Имашев кімнің кім екенін көрсетіп берді деп топшылауымызға болатындай.

Д.Назарбаева. Фото: sputnik

Сәлемнің сырын түсіндік, жеңістің жөні қайсы десеңіз, тыңдаңыз. 2016 жылы өзбек жұрты Ислам Каримовты жоқтап жатқанда, Берік Имашев ОСК төрағалығына тағайындалған. Ал Дариға Назарбаева вице-премьерліктен Сенатқа сырғыды. Іле-шала комитет төрайымы болып, кейін төрағалығына дейін өсті. Сосын... сосын ойламаған жерден 2020 жылдың көктемінде өкілеттігі тоқтап қалды. Бірақ өкілеттігі тоқтағанымен Дариғаның өзі тоқтамапты. Мінеки, жыл айналмай Мәжіліске қайта келіп жатыр. Президент алмасқанымен, ОСК орнында. Депутаттық куәлігін құдай қосқан құдасы қолына ұстатты.

Енді өзіңізге сұрақ: бұл жеңіс емегенде баланың ойыны ма Сізге?   

Тегтер: