Қыжыртпа. Үшінші президент кім болады?

Бір қарағанда, біздікі асығыстау қойылған сұраққа ұқсауы бек мүмкін. Өйткені «Еее, ел екіншісіне жаңа жеткенде үшіншісі несі?!» дейтіндер аз болмасын сеземіз. Дегенмен халықаралық деңгейде талқыға түскен мемлекет басшысының сұхбаты мен бұрынғы вице-министрдің «Өтпелі президент болуға дайынмын» дейтін пікірі бізді еріксіз осы сауалға жетелеп әкелді.
Бұрынғы вице-министр деп отырғанымыз – 2011-2013 жылдары Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болған Марат Толыбаев. Анда-санда әлеуметтік желіні бір дүрліктіріп қоятын Толыбаев өткен аптада фейсбуктегі парақшасында бүй деді:
«Бұл билік ауысқанда (әйтеуір бір күні міндетті түрде ауысады) Сіздерге өтпелі президент қажет болады. Ол тоталитаризм мен демократияның арасында алтын көпір болуы тиіс. Мен сондай президент болуға дайынмын. Маған сенім артуға болады».
Жарайды, ғайыптан тайып Толыбаев президент болыпты дейік. Сонда ол не бітірмек?. Иә, «Мен не істей аламын?» деп сауал қояды да, Толыбаев ары қарай былайша зулатады: «Мен өзіме, яғни, ел президентіне тиесілі барлық артықшылықтарды алып тастаймын. Мен еліміздің барлық заңдары мен азаматтарынан жоғары тұрмаймын.
Мен митингілер мен демонстрациялар үшін берілетін рұқсаттың күшін жоямын. Оны биліктің рұқсатынсыз-ақ өткізуге болады.
Мен саяси партияларды құруға кедергі жасамаймын және оларды тіркеу үшін қойылатын талаптарды жеңілдетемін.
Мен еліміздің президенттік республикадан парламенттік республикаға көшуіне бастамашы боламын.
Мен сайлауға барлық партиялар қатысатындай және сайлау комиссиясында барша партияның мүшесі отыратындай өзгерістер енгізуге ықпал етемін».
Былай қарасаңыз, әп-әдемі. Толыбаевтың пікірінде мін жоқ. Тек «жұмақ орнатамын» деген сөзі жоқ екен демесеңіз, қалғаны орнында. Әрине, барлығы да Толыбаев толғағандай бола қалса, қанеки! Онда өзі айтпақшы, EXPO өткізу, LRT салу, банктерге көмектесу, қандай алфавитті таңдау секілді мәселеде ешкім де жеке-дара шешім қабылдай алмайды. Оны референдум арқылы халықтың өзі шешеді. Бұдан артық не керек?
Айтпақшы, Толыбаев «Осының бәрін мен 5 жылдың ішінде істеп үлгеремін, сосын қоғам ары қарай өзі дами береді» дейді. Мұнысы да рас енді. Толыбаев мұның бәрін не үшін істегісі келеді дейсіз ғой, ол былай дейді: «Президенттік мерзімнен кейін ешкімнен жасырынбай, қала көшелерімен еркін жүргім келеді. Халықтан қарғыс емес, алғыс алуды көксеймін».
Осы жері сәл ауырлау енді. Кімді меңзеп тұрғанын өзі білер, біз көшеде беті күйіп жүрген президент көрмеген соң, оның бұл сөзі кімге бағытталғанын болжай алмадық. Алайда басы ашық бір мәселе бар. Сөзі түзу екен деп ешкім де Толыбаевты президенттік таққа мінгізбейді. Келесі президенттің кім болатынын сайлау және сол сайлауға қатысатын халықтың қалауы... сосын үлкен партияның емеуріні біледі.
Енді тақырыпқа түрткі болған келесі мәселеге көшейік. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың неміс арнасына берген сұхбаты әлемдік деңгейде талқыға түсті. Президентті мақтап жатқандар да, даттап жатқандар да аз емес. Ал ақтап жатқандар одан көп. Сондықтан біз олардың ешқайсысына қосылғымыз келмей, бейтарап көзқарас ұстанып, ортада тұрмыз. Себебі ненің бұрыс, ненің дұрыс екені уақыт өте келе айқындалады. Уақыт өте келе бәрі де өзгереді. Уақыт өте келе ұмытылып кететін де дүниелер болады. Көр де тұрыңыз, біз тақырыпқа ілік еткен осы екі мәселе қазір ұмытылғандай көрінгенмен, мерзімі келгенде қайта қозғалады. Ол қай кез? Ол үшінші президентті сайлайтын кез! Сол кезде тақты аңсап, тақымы қыши бастаған кісінің шабармандары екінші президенттің сүрінген жері есебінде кешегі сұхбатты қайтадан су бетіне шығаруы бек мүмкін. Дәл сол кісінің сайлауалды бағдарламасында Толыбаевтың толғауынан бірер үзінді жүрсе де, таң қалмаймыз. Міне, біздің айтпағымыз – осы.
Өй, сендер «Үшінші президент кім болады?» деп алып... бұларың не?! – дейтін оқырмандар да кездесуі ғажап емес. Ендеше, тыңдаңыз, бұл сұраққа біз әзірге нақты, бірақ жартылай ғана жауап бере аламыз. Жартылай деген қалай? Былай: кімнің болатынын емес, кімнің болмайтынын кесіп айтып береміз. Мысалы, Толыбаев президент болмайды!
Сансызбай Нұрбаба