8 Ақпан 11:58

Қыжыртпа. Депутатқа «намаз» үйреткен – таяқ

Фото:

Пандемия кесірінен баласын үйден оқытқан халыққа тағы бір уайым қосылды. Мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға 647 миллион теңге бөлінгенін естіген жұрт намыстан жарылуға айналды. Расында, депутаттарды қалай оқытқан жөн өзі?

Оқыту керек пе?

«Тегін адам таз болмайды» демекші, бекер адамның депутат болмайтыны белгілі. Әсіресе, биылғы доданың сұмдық тартысты өткенін білесіз. Алдымен праймериздің жалауы көтерілді. Депутаттық креслодан дәмесі бар жандардың ешбірі бұл тартыстан шет қалған жоқ. Сұрыпталған «сәйгүліктер» кейін сайлаудың сәнін келтіріп, бәйгенің шаңын аспанға көтерді. Былай қарасаңыз, қай-қайсысы да халықтың қалаулысы болуға лайық-ақ «жүйріктер».

Бірақ амал не, депутаттық орын санаулы. «Елім-жерім» деп күйіп-жанған адамның бәріне мандат ұстата беретін мүмкіндік жоқ. Сондықтан үздіктің үздіктері ғана депутат атанды. Бір қызығы, көпшілік үміт артқан, ел-жұртқа азды-көпті сүйкімі бар үміткерлердің бірқатары қою шаңның арасында қалып қойды. Әйтсе де оған бола өкініп жүргендер аз. Тіпті кейбірі додаға дүбір қосқаны үшін «тұяқақы» алғанын ашып айтпаса да, әлеуметтік желідегі әңгімелерінен сездіріп жүр. Демек сайлау жоғары деңгейде өткен. Айдос Сарымның «Бұл сайлау бұрынғы сайлауларға қарағанда әділ өтті» дейтіні де содан болса керек.

Қысқасы, биыл депутат атанғандардың ешбірі осал емес. Әрқайсысы – бір төбе. Шетінен білікті. Шетінен ұлтжанды. Бір сөзбен айтқанда, олар бүгінгі жүйенің «академиясын» тауысқандар. Ендеше, мәслихат депутаттарына мемлекеттік басқару академиясының 40 сағаттық білімі не үшін керек?

Біздіңше, мәслихатты оқытудың ең тиімді жолы – Мәжілістің үлгі-өнегесін сіңіру. Мұның бағыт-бағдары, түр-сипаты көп болуы мүмкін. Дегенмен біз жақсы білетін екі тәсілі бар.

«Ұстазды» сырттан шақыру

2014 жылы Мәжіліс депутаттарының тілін ұстарту үшін Мәскеуден тәлімгер келген. Сол кезде бірқатар ақпарат құралдары «Радислав Гандапас дейтін бизнес-тренерді Дариға Назарбаева алдырыпты» деген ақпарат таратқан. Бірақ Гандапас депутаттарды бизнеске баулу үшін емес, шешендік өнердің қыр-сырын үйретуге келгенге ұқсайды. Бірақ оның кімге не үйреткені туралы қолымызда толымды ақпар жоқ.

Р.Гандапас

Ол кезде Дариғаның Мәжіліс төрағасының орынбасары кезі. Сенаттан түсініксіз жағдайда сырғыған ол биыл Мәжіліске қайта келді. Бірақ бұл тұңғыш президенттің тұңғыш қызын төмендететін дүние емес. Атқарған қызметі мен ауысқан орындарына назар аударсаңыз, Назарбаеваның басына «бақ қонған» адам екенін байқайсыз.  Демек, Гандапастың өзін болмаса да, шәкірттерін алдырып, мәслихатқа лекция оқытуға неге болмайды?!

Мұның не қажеті бар? Басты себеп: Қазақстанда депутаттар оқитын ештеңе қалған жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, білімі не «бірдемесі» жетіспеген адамды жүз жерден қолпаштап, мың жерден демесең де депутат бола алмайды. Ал депутат болған адамға бірдеме үйретем деудің өзі күлкілі.

Егер оқытушы сырттан келсе ше? О, мұның жөні бөлек енді. Әсіресе, «ақылман» Ресейден келсе, биліктегілер де, биліктің ығына жығылғыш депутаттар да аузын ашып тыңдауға бар. Мұның халыққа тиімді тұсы да аз емес. Білсеңіз, баяғыда Гандапастың ақысын «Нұр Отан» партиясы көтеріп алған. Бұл жолы да оқытушылар сырттан келсе, халықтың 647 миллион теңгесіне тіиспей, үлкен партия үлкендігін жасайтын шығар, не көрініпті?!

Тінікеевтің тәсілі

2016 жылы Мұхтар Тінікеев дейтін Мәжіліс депутаты әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген. Дүр сілкіндіргенде халықтың ойын сілкіндіретіндей ештеңе айтқан жоқ. Бірақ біреудің сілікпесін шығарып, сабап жатқанын мұқым жұрт ғаламтордан көріп, ішегін тартты.

Ішегін тартты деуіміздің себебі бар, Тінікеев те жас күнінде төбелестің жеті атасын көрген жұлымыр болған ба, әйтеуір, әлгіні бір қолымен шашынан ұстап тұрып, екінші қолымен жағының отын шығарады. Әр шапалақтан кейін боқтық сөзбен араластырып: «Шығасың ба, шықпайсың ба?» деп сұрайды. Таяқ жеген кісі де жігіт екен негізі. Кесіп алсаң да, өзің біл дегендей, «Шықпаймын, өйткені ақша жоқ» дейді.

Кейін белгілі болды ғой, әлгі кісі Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Николай Полевой екен. «Дендері сау ма?» деп жұрт шулағанда, Тінікеев мұны «қырық жыл бұрынғы қалжыңға» теліген. Ал Полевой «бала кезден бірге өскен достар арасындағы ойын» дегенге келтіріп, ақталып бақты.

Дегенмен бұл «ойынның» ең қызық жері мынау: Полевой шапалақ жеп жатқан кезде өзін Мұқтардың депутат жасағанын, оны ешқашан ұмытпайтынын және сатып кетпейтінін мәлімдейді.

Осы сәтте жұрт арасында «Еее, мәслихат депутаттарын Мәжілістің жігіттері жетектейді екен ғой» деген ой туған. Осы пайым-пікір бел алып бара жатқанынан жасқанды ма, Тінікеев «өз еркімен» өтініш жазып, мәжілісмендер оны парламент мінберінен шығарып салған. Алайда бұл оқиға жұрт жадынан өшіп кетті деуге болмайды. Қазіргі депутаттар ондай емес деуге де нақты негіз жоқ. Отыз жылдан бері ештеңе өзгермей тұрғанда, Тінікеев сияқтылардың бес жылда өзгере қоюы да неғайбыл.

Ендеше, дәл осы тәсіл арқылы мәслихат депутаттарын оқытуға неге болмайды? Мәжілісмендер мемлекет қаржысын қор қылмай, өздері шыққан аймақтағы мәслихат депутаттарын өздері оқытсын! Дәл бұған енді көп қаражаттың керегі жоқ.

Тінікеевтің «сабағы» кезіндегі «оқу-әдістемелік құралдарға» тағы бір қарасаңыз, 647 миллион теңге емес, 6470 теңге жеткілікті екенін байқайсыз. Өйткені дастархан үстінде бірер бөтелке ішімдік пен екі-үш құты су ғана тұр...

Тегтер: