18 Наурыз 16:27

Қыжыртпа. Баталов – бас шопан

Фото:

Өзге өңірді қайдам, биыл Алматы облысы төл науқаны бойынша тыңнан түрен салғалы тұр. Бұйырса, Амандық Баталов басқаратын аймақтың малшылары осы көктемде әр 100 саулықтан кемі 102 қозы алуы керек.

Бұл туралы күні кеше ғана әлеуметтік желіде «Жетісу медианың» жетекшісі Жанна Арынбекова пост жариялады. Айтқанына мән берсеңіз, Арынбекова ақпаратты ауадан алмағанын аңғарасыз. Бұ кісі Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Бахтияр Шампиковтың сөзіне сүйенген.

Ал Шампиков не дейді: «...Күні бүгінге дейін 625 мың қозы-лақ аяқтанды. Әр 100 аналық бастан 102 төл алдық. Науқан сәуірдің соңына дейін жалғасады. Осы аралықта қой мен ешкі түлігінің саны айтарлықтай артады деп есептейміз».

Фото: egemen.kz

Осы жердегі есептеуде бір кілтипан бар. Шампиковтың сөзіне қарағанда, өңірде 3 миллион 629 мың қой-ешкі жайылып жүргенге ұқсайды. Оның 1 миллион 915 мыңы – аналық бас. Осы аналық бастан ауыл шаруашылығы басқармасы биыл 2 миллион төл алуды жоспарға енгізген. Сонда қалай алады?

Бір аналық бас бір төл береді деп есептесеңіз, 85 мың бас аналық кем болып шығады. Соған қарағанда, Талдықорған шенеуніктері «әр 100 аналықтан 102 төлден ұрып отырамыз» деген жоспар құрған тәрізді.

«Қой семіз болса, ішіндегісі егіз болады» дейтін қазақ мақалына мән берсеңіз, Алматы облысының шенділері биыл өңірдегі қой біткеннің қоңды екеніне сенімді екен деген ой туады. Мұндай сенім қайдан пайда болады? Кім біледі, өздері өріске шығарып қой жаймаса да,  ұрықтандыру науқанын онлайн қадағалауы мүмкін ғой. Сондықтан біз әкімдік сенім артқан мәселеге күдік келтіруден аулақпыз.

Дегенмен бізді мазалаған өзге мәселе. Өткен жылдың қоңыр күзінде Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Президент Жолдауын түсіндірген.

Облыс әкімі А.Баталов жәрмеңкеде

Міне, осы кезде әкім өңірдегі қой-ешкі саны 4,2 милллионға жеткенін аузын толтырып тұрып айтқан. Ал төрт айдан кейін Шампиков «бізде 3 миллион 629 мың қой-ешкі бар» деп қарап тұр.

Сонда мал басы аяқ асты қысқарып кеткен бе, әлде әкім-қаралар сойып жеп қойды ма? Бәлкім, Баталов есеп беру кезінде мал санын өсіріп жіберген болар?

Осы сұраққа жауап іздеп, бірнеше сарапшыға хабарласқанбыз. Енді олардың қойдың шуындай шұбалтып айтқан пікірін екі адамның аузына жинақтап көрейік.

Малшы: Қошқар шапты – қой тапты, әкімнің не қатысы бар?

«Негізі, шаруаның үйінде туған малдың төлін санауға шенді-шекпендінің еш қақысы да, қатысы да жоқ. Қошқар шапты – қой тапты, әкімнің не қатысы бар? Әрбірден соң, қай дөкей болса да, біз сырттан келген адамды қораға кіргізе алмаймыз. Өйткені жас туған төл де бала сияқты. Көз тигіш, сұқ өткіш. Сондықтан қанша қойдың қозылағанын олар құмалақ салып білмесе, біз ешкімге айтқан емеспіз.

Екінші мәселе, қойдың көбейгенін қаласа, үкімет қораның есігінен сығалағанша, жүн мен тері өңдейтін кәсіпорын ашсын. Біз мұны қанша айтсақ та, ешкім құлағына ілген жоқ. Егер қойдың жүні мен терісі кәдеге жарап, шаруаға табыс әкелсе, Шопан ата түлігі еселеп артады. Оған бола есеп қуғандар басын ауыртпай-ақ қойсын!».

Саясаткер: Төл біткен соң Баталов немен айналысады?

«Байқасаңыздар, Алматы облысында жемқорлықпен істі болған шенділер көбейді. Бір Талғар ауданындағы ырың-жырың бүкіл елдің назарын аударды. Білім басқармасының бастығы қолға түсті, Еңбекшіқазақ ауданындағы айғай-шу әкімнің кетуімен аяқталды. Мұндай мысалдар өте көп. Қысқасы, барша жұрттың назары Талдықорғанға қарап тұр. Осыны ескерген аймақ басшылары елдің көңлін төл науқанына бұруды жөн көрген тәрізді. Бірақ төл біткен соң қайтеді, осы жағы жұмбақ».

P.S. 100 бас саулықтан 150 төл алуға үндейтін баяғы қызыл үкімет қазір жоқ. Еңбеккерлер марапатталған сайын кеудесіндегі қызыл жұлдыздың саны көбейетін Леонид Брежнев те келмеске кеткен... есесіне, Баталов бар ғой. Біз неге қолымызда барды бағаламауымыз керек? Егер Алматы облысы басшылығының жоспары ғайыптан тайып орындалып кетсе, бәріміз жабылып Баталовты еліміздің «бас шопаны» сайлайық!  

Тегтер: