12 Наурыз 14:21

Қыжыртпа. Бердібек пен Архимед – «әдеп үздіктері»

Фото:

Әдеп деген қасиет әркімнің де бойынан табылады ғой негізі. Бірақ біреуде – аз, енді біреуде – көп. Айырмашылығы сол, бойында әдебі басымдауын – әдепті, әдебі кемістеуін – әдепсіз дейміз.

Әңгіменің өзегі мынау: Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметкерлердің әдеп деңгейін бағалау бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізген екен.

Сауалнамаға барлығы 7000 респондент, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, заңды тұлғалар, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысты, деп хабарлады 11 наурыз күні мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі.

2020 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген зерттеуде мемлекеттік қызметкерлердің әдеп деңгейі «1» және «10» шкаласы аралығында сарапталған.

Әдептен ақсағандар

Масқара болғанда, моральдық категория тұрғысынан тым төмендеп кеткендердің соң жағында Қазақстанның Жоғарғы соты тұр (5,09). 2020 жылы Жоғарғы сотта қандай әдепсіздіктер болғанын бір білсе, Жақып Асановтың өзі білуі мүмкін. Ал елдің білетіні, биыл ақпан айында болған  жойқын «жарылыс».

Сегіз мың АҚШ долларын алам деп «жалынға қақталған» кісі – Жоғарғы соттың судьясы болса, «мәселемді шешіп бер» деп «шырпы тұтатқан» адам – аудандық соттың судьясы. Ыңғайсыз ба? Әрине, ыңғайсыз.

ҚР Жоғарғы соты

Алайда алыс-берістің жөнін білетін жандардың пайымынша, төменнен жоғарыға берілген параның ешбірі этикаға қайшы болмауы керек екен. Есесіне, Жоғарғы соттан шыққан «қоңырсыған күйіктің» иісі бүкіл қазақ даласын алып кеткен жоқ па. Осыны ескерсеңіз, әдептің өлшемін жасаған сарапшылар биылғы жылдың қызығы мен шыжығын да есепке алғандай көрінеді.

Ал Алматы әкімдігі орта деңгейге де жете алмай, жұрт соңында қалып қойған (4,94). Бірақ оған бола өкінетін түк те жоқ. Бұйырса, Бақытжан Сағынтаев 2021 жылдың қорытындысы түзілгенде, әдептілер көшін бастайды.

Көздеріңізге іліксе, өткенде ғана бір блогер әлі құрылысы басталмаған шағын ауданда, яғни жазық далада орындық санап жүрді. Алматының әкімдігі күре жолдың екі бойын жағалата жүргіншілер соқпағын жасап, жиегіне жүздеген қымбат орындықтар орнатқан. Әлгі блогер мұны «жемқорлықтың көкесі, ақша жеудің амалы» деп түсіндіреді. Ал шын мәнінде мұнда тұрған түк те жоқ. Әрбірден соң әкімдіктің орындықты қайда орнататынында кімнің қандай шатағы бар?!

Алматыдағы феминистер шеруі

Өткендегі әйелдер шеруі естеріңізде шығар. Әлеуметтік-саяси талаппен көшеге шыққандарды ұстап әкететін қала билігі лесби, бисексуал, квир, транс әйелдер сынды азшылықтың үніне құлақ түріп, «азаматтық» жасады. Бұл не? Бұл – демократия. Ендеше, демократияны әдепке жатпайды кім айта алады?!

«Архимедтің заңы»

Ортақолдар туралы әңгіме қозғап, оқырманның алтын уақытын алмай, бірден топ жарғандарға кезек берейік. Рейтингте Қостанай облысының мемқызметкерлері (9,08) нәтижемен көш бастаған. Еуропаның санаулы мемлекетінде ғана болмаса, мұндай көрсеткішті әлемнің басқа елінен кездестіру қиын. Бұдан Қостанай облысының жұрты еуропадағыдай өмір сүреді екен деген мән шығады. Солай болса, солай да шығар.

Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов

Алайда мұны түсіндіру үшін әйгілі «Архимед заңын» еске түсіру керек. Ғалым өз жаңалығын жуынуға барып, кіршідегі суға денесін батырғанда ашқан. Яғни, сұйыққа қатты дене батқанда, сол мөлшердегі сұйықтық сыртқа ығысып шығады. Ал білетіндер «Архимед Мұхамбетовтың «заңы» бойынша қамбадағы бидай қанша құйсаң да «ығыспайды» дейді.

Әкімнің бұл «жаңалығын» YouTube желісінен әлі де тыңдауға болады. Онда Арекең бүй дейді: «...Бұл – еліміздегі ең үлкен диірмен, өнімділігі – 1200. Солай деп айтыңдар, 600-700 дегенді ешкім айтпайды. Оны кім өлшейді? Дұрыс па?».

Әкім әйгілі сөзін Үкімет басшысының Қостанайға сапары қарсаңында «Бест Қостанай» серіктестігінде айтқан екен. Алайда кейін әлгі әңгімесін тәпсірлеп, «Видео түсірген адам сөзімді бөлшектеп контекстен жұлып алған» деді. Оны сотқа бермейтінін де мәлімдеді. Түсінген адамға осының өзі де  әдеп қой. Ендеше, алға Архимед шықпағанда, кім шығуы керек?!

Елтаңбаны көтерем деп өзі құласа, қайтер ең?!

Әдеп деңгейі бойынша екінші орында тұрған өңір – Бердібек Сапарбаев тізгінін ұстаған Жамбыл облысы (8,05). Әдеп жағын қайдам, негізі жұрт Бердібекті қазақы әкім деп түсінеді. Бірақ қазақтың өзі әдепке аса мән берген халық екенін ескерсеңіз, бұл әкімді әдепсіз деуге қалай аузыңыз барады?!

2015 жылы Жансұлтан Сапарбаев 300 мың доллар тұратын Ferrari көлігімен көзге түсіп, ақпарат құралдарын шулатқан еді. Сонда Сапарбаев ұлы туралы қауесетке әдемілеп тұрып тойтарыс берген. Көліктің оныкі емес екенін, қызық үшін біреудің көлігіне мініп, суретке түскенін айтқан. Былай қарасаңыз, түсіндіре білу де – әдеп. Ал айтқанды түсінбеу – әдепсіздіктің белгісі.

Феррари мінген Ж.Сапарбаев

Біздіңше, әкімнің сол сөзін жете түсінген адамның бірі – Жансұлтан болды-ау деп шамалаймыз. Өйткені ол төрт жылдан кейін Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бастығы. Мұны әке бойындағы әдептің балаға жұғысуы деп қабылдауға неге болмайды?

Дегенмен биыл Сапарбаевтың әдебіне көлеңке түсірген жайсыздау бір оқиға болғанын білесіз.  Тұрғындар сауалына тікелей эфирде жауап беріп жатқанда, алдындағы Елтаңба салдыр-күлдір етіп құлап түсті. Бекең де бекер тұрмай, «Алсаңшы-ей, ананы!» деп қалды. Сол сол-ақ екен, әлеумет әкімді жерден алып, жерге салды.

Шындығына келсек, бұл жерде Сапарбаевтың түк кінәсі жоқ. Жап-жас жүргізушінің өзі жанары жәутеңдеп не істерін білмей қалғанда, Сапарбаев әппақ сақалымен жалп етіп еңкеюі керек пе?! Жетпіске кеп қалған адам еңкейем деп екібетімен түссе, бүкіл Жамбыл облысы жер болмай ма? Демек, әдепті терең түсінген әкім өзінің емес, халқының абыройын ойлады. Міне, осыны ескеріп, Бекеңді әдеп қағидаттары мен этикалық нормаларға бекем әкім ретінде көңіліңізге бекітіп қойғаныңыз дұрыс.

Бір өкінштісі, рейтинг тізімінен Алматы облысын көре алмадық. Әйтпесе, әдеп мәселесінде Амандық Баталовтың да «өз айтары» жетіп артылады. Құлаған Елтаңба туралы тілші сұрағына «У каждого свое реакция. Например, қаншама зат құлайды, волейболистпін ғой мен, я на ходу может поймал, понимаешь» деген сөзі әлі жұрт құлағында. Бірақ бұдан Баталов «поймать» ете алмайтын мәселе жоқ деген ой тумауы керек. Қызықтың көкесі Алматы облысында.

А.Баталов

Егер рейтингтің толық тізімі жанарымызға ілігіп жатса, Баталов басқаратын аймақтағы әдеп жөнінде жеке-дара материал арнауымыз мүмкін...

Тегтер: