4 Ақпан 19:58

Қытай елшісі Помпеоны «боскеуде» деп атады

Фото:

Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның пікіріне қатысты қатқыл мәлімдеме жасады.

Ол мәлімдемесінде былай деді: «2020 жылдың 2 ақпанында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанға келген сапары барысында антиқытайлық қозғалыс өкілдерімен кездескенде және Нұр-Сұлтан қаласында баспасөз мәслихатын өткізгенде Қытайды «шыңжаңдық миллион ұйғыр мен мұсылман қазақтарды түрмеге жапты» деп айыптап, «қытайлық және ресейлік инвестиция мен ұзақ мерзімді қарым-қатынас Қазақстанның тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді» деп кезекті рет мәлімдеді. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасын бұзу үшін Помпео коронавирусты жаңа қару етіп пайдаланғысы келді. Помпеоның осылай айтатыны белгілі еді және бұл оның Қытайға қарсы негізсіз «кезекті қойылымы» болды. Бұған дейін айтқанымдай, ол өзін ескі әуенді қайталай беретін, ешқандай жаңалығы жоқ боскеуде ретінде жиі көрсетеді».

Бұдан әрі елші «Қытай 1 миллион ұйғырды түрмеге қамады» деген айыптауға қарсы уәж айтады. «Америкалық сайттың «Сұр аймақ» деп аталатын тәуелсіз жаңалықтар зерттеуінде «1 миллион» деген сан бар-жоғы 8 адамның сауалнамасынан алынғаны белгілі болды. Бұл – өте күлкілі. Шындығына келгенде, соңғы 40 жылда Шыңжаңда ұйғырлардың саны 5,5 миллионға өсіп, 11 миллионға жетті. Шыңжаңда 25 мың мешіт бар. Бұл Құрама Штаттар, Ұлыбритания, Франция және Германияны қоса алғандағыдан да көп. Орташа есеппен, 500 мұсылманға бір мешіттен келеді. Бұл – бірқатар мұсылман елдеріндегі көрсеткіштен артық. Шыңжаңдағы негізгі деректерді көзге ілмей, Помпео бүкіл әлемге өз идеологиясын тықпалапты».

Бұдан әрі Қытай елшісі Чжан Сяо тіпті қатулана түседі. «Қытай мен Ресейдің Қазақстанға салған инвестициясына қатысты айтқаны қып-қызыл өтірік. Оның ойы (АҚШ-тың – ред.) геополитиканы жамылып, аймақта жаулық туғызу, өз монополиясын құру. Мұнысы тіпті шектен шыққандық емес пе?» деп кіжінеді ол.

Елшінің ойынша, «Қазақстанға салынған Қытай инвестициясы ел экономикасы мен инфрақұрылымын дамытып, қазақстандықтарға жаңа жұмыс орнын ашады». Сөйтеді де, Чжан Сяо Помпеоға сұрақты бүй деп қабырғасынан қояды: «Помпео мырзадан мынаны сұрағым келеді: Бұрын-соңды сіз Қазақстанда 1 шақырым жол немесе бір көпір салып көрдіңіз бе?».

Одан әрі Чжан Сяо Майк Помпеоны тағы тақымдайды. «Егер сіз шынымен де қазақстандықтардың жағдайын ойласаңыз, Қазақстанның пайда табатын мұнай кеніштеріне ғана көз тікпей, индустрия және инфрақұрылымға ақша салыңыз. Сіздер Қытай сияқты батылдық танытып, жергілікті экономикаға ақша сала аласыздар ма? Олай етпеген жағдайда барлық сөздеріңіз қазақстандықтар үшін екіжүзділік болып қала береді» дейді ол.

Қытай елшісі айтқан «АҚШ-тың короновирусты қару етпек болғаны», «америкалықтарды ең бірінші болып эвакуациялап әкеткені», «АҚШ-тың сенімсіздік пен бей-берекетсіздік тудыруға тырысқаны», «Қытайды Ауғанстан мен Ирак деңгейіне түсіруге тырысқаны», бәрі-бәрі – бұрыннан айтылып келе жатқан айыптаулар. Алайда Чжан Сяо бар салмақты мәлімдеменің соңына сақтапты. Ол соңында былай деді. «Помпео мырза, өзіңіздің лексикалық әдетіңізге назар аударыңыз, 5000 жылдық өркениеті бар Қытайда былай дейді: Әр нәрсенің нүктесін қоятын уақыт келеді және ештеңе де жазасыз қалмайды».

Шетін мәселеде болмаса, әдетте елшілер бұлай «бас жаққа» барыспайтын. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да Қытайды оңдырмады, Қытай елшісі Чжан Сяо да қалыспады. Бұл – жеке адамдардың бас араздығы емес, үлкен мемлекеттердің, үлкен болғанда да, алып империялардың қақтығысы екенін ескерсек, қақтығыс шырқау шегіне таяған тұста Қазақстанның ерікті-еріксіз түрде дауға себепкер болғаны көңілге күдік ұялатады...

Тегтер: