11 Маусым 10:58

Қымбатшылық қамыты: Нарық пен халық қалай Үкіметтің артын ашты?

Фото:

Қымбатшылық алқымнан қысып барады. Бағасы аспандамаған дүние қалмады. Жанармай да, азық-түліктің де құны шарықтап кетті. Нарықты реттеп отыруы тиіс Үкімет бағаны неге қадағалаусыз қалдырды?

Жыл басынан бері елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 6,3 пайызға қымбаттаған. Әсіресе, Түркістан облысы, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында баға дес бермей тұр. Ет және көкөніс өнімдері, күнбағыс майы күннен күнге өсуде. Тіпті, картоптың өзі бірнеше өңірде келісі 500 теңгеге сатылып жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров кінәнің бәрін делдалдар мен супермаркеттерге жапты. «Оның үстіне біздің картоп әлі пісіп үлгермеген. Сондықтан нарықты көрші елдердің өнімі жаулап жатыр. Егер баға туралы айтар болсақ, біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері өз қоймаларынан 200 теңгеден сатады. Қалғанын оның үстіне арадағы алыпсатарлар мен супермаркеттер қосып отыр», – дейді Ауыл шарушылығы министрі.

Фото: интернеттен

Министрдің айтуынша, біздің ел картоп тұтыну көлемінен жыл сайын асыра өндіріп келеді.

«Мысалы, қазақстандықтар жылына 3 690 тонна картоп тұтынатын болса, өндіру көлемі 4 мың тонна, яғни 8 пайыз артық. Тек осы күндері Қырғызстан мен Өзбекстан сынды көршілерімізде ауа райының ерекшелігіне байланысты картоп ертерек піскен. Сондықтан дүкендерде солардың өнімі пайда болды», – дейді министр. БҰҰ-ның мәліметінше, мемлекет өзін азық-түлікпен 80 пайыз қамтамасыз ете алса, ол мұқтажсыз ел саналады.

Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 80 пайыздан асады. Дегенмен біздің елде тапшылығы сезілетін тауар түрлері де баршылық. Оның ішінде балық, алма, құс еті, шұжық, сүзбе және ұнтақ қант бойынша еліміз тек 50-60 пайыз қамтылған.

Жанармай бағасы да тұрақталмай тұр. Көпшілік көлігіне құятын АИ-92 жанармайы 170 теңгеден сатылуда. Көлік тізгіндеген жұрт қалтаға едәуір салмақ салғанын айтып жыларман. Ал құрылыс материалдарының бағасы ауыз жимай жатып шарықтап жатыр.  

Кеше қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан халық азық-түлікті несиеге алып жатқанын айтып, жаңалық ашқандай болған. Бұл талай уақыттан бері осылай. Себебі, індеттен кейін халықтың әлеуметтік тұрмысы төмендеп кетті.

Ал ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов көршілес елдерде бағаның қымбаттап жатқанын айта келе, «Ресеймен салыстырғанда Қазақстанда көптеген тауарлар бойынша баға өсімі төмен», – деп ақталды.

Атамұрат Шәменов, экономист:

Жауап біреу – талап жоқ! 

– Біріншіден, нарықтың сұраныс және ұсыныс деген екі заңы бар. Тауар ұсыныс көп болған жағдайда арзандайды. Ұсыныс аз болған кезде қымбаттауға алып келеді. Елімізде азық-түлікті жеткілікті етіп өндіруге барлық мүмкіндік бар. Тіпті, мұнайды былай қойғанның өзінде, ауыл шаруашылығымен гүлденген мемлекетке айналуға болар еді. Біз неге шикізат экономикасына байланып қалдық? Жалқауға не керек? Оған шикізатты сатып, ақшасын алып, қимылдамай жатса болды. Дәл қазір Үкіметтің саясаты осындай болып тұр.

Баға неге шарықтап кетті? Тауар аз. Тіпті, картоп өндіре алмаймыз. Дүкен сөрелерінде картоп бағасы 500 теңгеден сатылып жатыр. Бұрынырақта Алматы облысында Жалаңаш елді-мекенінде бүкіл үй картоп егетін. Бір бос жер қалмайтын. Кеңес кезінде Қазақстан өзімізді ғана емес, одақ құрамындағы мемлекеттерді де асырады ғой. Сол жер ешқайда кеткен жоқ. Бәрі орнында. Қазір сол саясатты неге жүзеге асырмаймыз? Жауап біреу – талап жоқ, саясат жоқ.

Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау саясаты туралы ұсынысты 2009 жылдан бері айтып келемін. Тіпті, Назарбаевтың өзі жеті министрлікке осы ұсыныс туралы тапсырма берді. Бірақ Үкімет өтірік көрсеткіш айтудан шаршамай келеді. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, қанша жерден цифрды керемет етіп көрсетсе де, артын нарық пен халықтың сұранысы ашып отыр. Халыққа тамақ керек. Жұрттың аузын байлап қоя алмайсың ғой.

Сондықтан аграрлық саясат жанданып, өз өзіміз қамтамасыз етуге жұмыс істеуіміз керек. «Егер мемлекет өзінің шығаратын өнімдерімен өзін 80 пайызға дейін қамтамасыз ете алмаса, ол мемлекетте азық-түлік қауіпсіздігінде мәселе бар деген сөз. Бұл мемлекетке саяси тұрғыдан қауіп бар дегенді білдіреді.

Меруерт Махмұтова, экономист:

Ішкі өндіріс тұралап тұр

– Бағаның қымбаттауына себеп көп. Ең бірінші, бізде ішкі өндіріс тапшы. Сауда орталықтары мен құрылыс компаниялары ғана еркін дамып жатыр. Ауылшаруашылық саласының өнімдері аз. Сондықтан ішкі нарық импортпен толады.

Кезінде 1991 жылы ауыл шаруашылығының үлесі жалпы ішкі өнімде 34 пайыз болды, ал енді мөлшері 5 пайызға дейін төмендеді. Ауылда жағдай жоқ, не жер жоқ, не қаржы жоқ, ауыл тұрғындары қалаларға қоныс аударды. Енді сол картопты да Мысыр мен Пәкістаннан әкелгендіктен, ол удай қымбатқа сатылып жатыр. 

Тегтер: