21 Маусым 18:37

Кешігіп жеткен жауап: «Стадионның суға толуына ауа райы кінәлі»

Фото:

Сенбі күні Түркістан облысының әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Nege.kz тілшісі алғашқылардың бірі болып, әкімге екі сұрақ жолдаған. Алайда белгісіз себептермен сұрақтарымыз төменгі сатыға түсіп кетті де, әкім жауап беріп үлгермеді. Бірақ бүгін жауап жазбаша келді...

Сонымен, Өмірзақ Естайұлына төмендегі екі сұрақты жолдағанбыз:

1. Түркістан облысы әкімінің орынбасары М.Мырзалиев жемқорлыққа қатысты қылмыстық істе қорғануға құқығы бар куәгер ретінде сұралып жатыр. Егер орынбасарыңыз істі болса, Президенттің атына отставкаға кету жөнінде өтініш жазасыз ба?

2. 35 млн долларға салынған жаңа стадион жаңбырда суға толып қалады. Сапасыз құрылыс жүргізгендер жазаға тартылды ма? Жалпы, Түркістан қаласында салынған жаңа ғимараттардың сапасы тексерілді ме?

М.Мырзалиев.

Бірінші сұрақтың жауабы мынадай: «Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, қол астындағы қызметкер «Сыбайлас жемқорлық» бойынша сот шешімімін кінәлі деп танылған жағдайда, оның басшысының отставкаға өтініш беруі міндетті. Ал, оны қабылдау немесе қабылдамау Мемлекет басшысының құзырында».

Қол астындағы қызметкер істі болса, отставкаға өтініш жазуды заң міндеттейтінін білеміз. Біздің сұрағымыз келгені басқа еді: Өмірзақ Естайұлы орынбасары шатылып қалғанына өкіне ме? Президенттің атына жолданатын отставка жөніндегі өтінішті де өкініп отырып жаза ма?  

«2. Түркістан Арена» стадионының құрылыс-монтаждау жұмыстары «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ тапсырысымен 2019-2020 ж.ж. аралығында құрылысы жүргізіліп, толық аяқталғаннан кейін, Түркістан қаласына сый ретінде тапсырылған. Стадион халықаралық стандарттарға сәйкес салынған және UEFА талаптарына сәйкестік сертификациясынан өткен. Стадион құрылысының барлық техникалық шешімдері мен сметалық құны жобалардың мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамасының сараптамалық қорытындысымен расталған.

Жаңа стадионның сықпыты.

Нысанның негізгі функционалдық мақсатынан басқа, стадион көпфункционалды спорт кешені болып табылады, ол спорттық пәндердің келесі түрлерін қамтиды: жеңіл атлетика аймағы, гимнастика залы, күрес залы, бокс залы, ауыр атлетика залы, йога залы, фитнес залдары барлық қажетті заманауи жабдықтармен және керек-жарақтармен жабдықталған.

Ағымдағы жылдың 13 наурызында Түркістан қаласының «Түркістан Арена» стадионында «Тұран» және «Астана» командалары арасында өткен Қазақстан чемпионатының кезікті тур ойындары кезінде «Қазгидромет» РМК филиалы берген ресми мәліметіне сәйкес, жауын-шашынның аномальды мөлшері айлық нормадан асып түсуіне байланысты, футбол алаңының дренаждық жүйесі бұндай көп мөлшердегі суды дер кезінде шығаруға жұмыс істеу қабілетінің мүмкіндігі жетпеген.

Осыған байланысты, Түркістан облысы әкімдігі мен бас мердігер арасында осындай келеңсіз жағдайларды алдағы уақытта болдырмау мақсатында, келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде, бас мердігер келісім-шарт талаптарындағы кепілдік мерзіміне сәйкес, өз есебінен футбол алаңын нөсер жаңбырдан және ылғалды қардан қорғайтын «Домен-С» типті қорғау (қолшатыр қағидаты, жауын-шашын алаңның периметрі бойынша науаларға әкетілетін болады) жабынымен қамтамасыз ететін болды.

Облыс әкімі, тиісті салаға жауапты орынбасарларымен бірге әр апта сайын құрылыс нысандарына аралау жүргізеді. Түркістан қаласы аумағында жаңадан салынудағы барлық нысандардың сапасына құрылысқа қатысушы тараптармен, яғни тапсырыс беруші, техникалық және авторлық қадағалаушылармен тұрақты түрде бақылау жүргізіледі. Одан бөлек, құрылысқа қолданылып жатқан материалдар мен бұйымдарға зертханалық қорытындылар алынады. Сонымен қатар, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Келіп түскен арыз-шағымдар негізінде тексерулер жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарға сәйкес тиісті шаралар қолданылады».

Тегтер: