30 Маусым 18:06

Керуен-сарайдың «лыпасы» сыпырылып түсті

Фото:

Түркістан қаласындағы пайдалануға берілгеніне екі айдан жаңа асқан Керуен-сарайдың төбесіндегі қаптамалары жалбырап түсіп жатқанын көрсететін видео әлеуметтік желіде жарияланды.

Мұны көрген жұрт «Бұл  қалай?!» десті. «Кеше ғана салынған кешен бір маусымға да жарамағаны ма?» деген сауалды да төтесінен қойды. Осы бейнежазбаға байланысты Karavansaray Turkistan кешенінің әкімшілігі былай деп жауап берді:

«Бұл бейнежазбаны кешенге келушілер түсірген. Дәл сол кезде қапталған қағазы алынып, жөндеу  жұмыстары жүргізіліп жатқан. Жөндеу жұмысына арка артында орналасқан спа-салоннан ақау табылуы себеп болған. Мұны жөнге келтіру үшін бірнеше шаршы метр қаптама жабындысын шешуге тура келді. Жөндеу жұмыстары қажетіне қарай жыл бойы жүргізіледі. Бәлкім, тапсырыс беруші мен жалға алушының шешіміне орай қабырғаны бөлшектеу немесе қосымша құрылыс жұмысы жасалуы мүмкін. Бұл нысан жаңа болса да, оған үнемі техникалық тұрғыдан күтім керек».

Елбасы Керуен-сарайда. 

Мұны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов та қуаттады. Ол Фейсбуктегі парақшасында төмендегідей жазба қалдырды:

«Керуен-сарай нысаны басшылығының айтуынша, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жоспарлы жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондықтан әлеуметтік желі қолданушыларына жалған ақпаратты таратпауға шақырамын. Оның үстіне бұл нысан жекеменшік инвестицияның есебінен салынған. Оның құрылыс сапасына инвестор жауап береді».  

Айта кету керек, құрылысы 2019 жылдың желтоқсан айында басталған кешеннің ашылу рәсіміне Премьер-министр Асқар Мамин, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысқан еді. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 гектар жерде бой көтерген кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнер шеберлерінің көшесі, амфитеатр, Шығыс базары, сауда орындары, қонақ үй, мейрамхана, фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталықтары кіреді. Барлық нысан су арнасы арқылы байланыстырылған. Сол кезде «Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестиция тартатын негізгі орталыққа айналады» деген жоба жетекшілері.

Әрине, кешеннің сырт көзге әдемілігінде сөз жоқ. Бірақ айналасы 2 жарым айдың ішінде жөндеу жұмысы жүргізілсе, бір жылдан кейінгі жағдайы не болмақ?

Тегтер: