Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

16 мамыр, 12:49

Фото: inform.kz

Өткен аптада еліміздің бірқатар өңірінде кадрлық ауыс-түйіс болды. ҚазАқпарат 10-16 мамыр аралығындағы тағайындауларға шолу ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан, NEGE. Орталық мемлекеттік органдардардан бастасақ, ҚР Үкіметінің қаулысымен Марат Сұлтанғазиев Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған.

Мамандығы бойынша — экономист-қаржыгер, заңгер, іскерлік әкімшілендіру магистрі. Еңбек жолын 1997 жылы салық бөлімінің заңды тұлғаларды тексеру бөлімінің бірінші санатты маманы болып бастаған.

1998-2001 жылдары Алматы қаласы бойынша слық комитетінің салық инспекторы, аға салық инспекторы, жетекші салық инспекторы, бас маман – бас салық инспекторының м. а. болып жұмыс істеген.

2001-2010 жылдары Алматы қаласы бойынша салық комитетінде жұмысын жалғастырған, Алматы қаласы бойынша салық департаменті басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.

2010-2012 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде басшылық қызметтерді атқарған.

2012-2014 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі.

2014-2017 жылдары — ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

2017 жылғы маусымнан 2018 жылғы қазанға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік–экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.

2018 жылғы қазаннан бастап қазірге дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.

Ал бұған дейін қаржы вице-министрі болған Қанат Баеділов Алматы мемлекеттік кірістер департаментіне басшы болып тағайындалды.

Қанат Ескендірұлы Баеділов 1967 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

Алматы халық шаруашылығы институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1991 жылы Алматы облыстық қаржы басқармасының Алматы облысы бойынша Бақылау-тексеру басқармасының аға бақылаушы-ревизоры болып бастаған.

Әр жылдары ҚР Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде басшылық қызметтер атқарған.

2017 жылғы мамырдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР қаржы вице-министрі қызметін атқарды.

2017 жылдың мамырынан 2021 жылдың мамырына дейін ҚР Қаржы вице-министрі болып жұмыс істеді.

Сонымен бірге, ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып Әли Алтынбаев тағайындалды.

Әли Алтынбаев 1979 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Тұран университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.

Мамандығы бойынша біліктілігі: бухгалтерлік есеп және аудит, құқықтану, мемлекеттік және муниципалды басқару магистрі.

Еңбек жолын 2001 жылы Еңбекшіқазақ ауданы бойынша салық комитетінің жанама салықтар бөлімінің салық инспекторының м. а. қызметінен бастаған.

2001-2009 жылдары Еңбекшіқазақ ауданы бойынша салық комитетінде түрлі қызметтер атқарған.

2009-2010 жылдары — Алматы облысы бойынша салық департаментінің салық аудиті басқармасы заңды тұлғалар аудиті бөлімінің басшысы.

2010 жылы — Алматы қаласы Түрксіб ауданы бойынша салық басқармасының жеке кәсіпкерлердің ақпаратын қабылдау және өңдеу орталығының бөлім басшысы.

2010-2014 жылдары Алматы қаласы бойынша салық департаментінде түрлі лауазымдарды атқарған.

2014-2015 жылдары Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде басшылық қызметтер атқарған.

2015-2017 жылдары — Алматы қаласы Алатау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы.

2017-2019 жылдары — Алматы қаласы Наурызбай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы.

2019-2020 жылдары — ҚР ҚМ МКК Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары.

2020-2021 жылдары — ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің басшысы.

2021 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің басшысы болған.

Өңірлерге ойыссақ, Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып Серік Құсайынов тағайындалды. Бұл лауазымға ол Ерлан Қожағапановтың орнына келді.

Серік Досымханұлы Құсайынов 1964 жылы Алматы облысында туған.

Қазақ ауыл шаруашылығы институтын және РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған.

Мемлекеттік және муниципалдық басқару магистрі. Мемлекеттік басқару жүйесінде едәуір жұмыс тәжирибесі бар.

Әр жылдары Алматы қаласының коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарында шебер, бас инженер, басқарушы директор болып жұмыс істеген, қаланың энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды.

Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы, Алмалы ауданының әкімі болып жұмыс істеген.

С. Құсайыновтың орнына Алмалы ауданының әкімі болып Ержан Сейтенов тағайындалды.

Ержан Іргебайұлы Сейтенов 1974 жылы туған. Х. А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бітіріп, сондай-ақ магистр дәрежесін алды.

Еңбек жолын 1990 жылы Жаңақорғандағы ЖМК-11-де жұмысшы болып бастаған. Біраз жылдар квазимемлекеттік секторда, сондай-ақ Алматы қаласының коммуналдық кәсіпорындарында басшы болды.

Сонымен қатар, жерді пайдалану мен қорғау, жасыл экономика басқармаларын басқарды.

Осы уақытқа дейін ол Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасына басшылық етіп келді.

Cонымен бірге, Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі болып Нұрлан Ертас тағайындалды.

Нұрлан Ертасұлы 1980 жылы туған. Қазақ ұлттық аграрлық университетін инженер-механик мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын «MotoLink» ЖШС бастығы болып бастаған.

Әр жылдары Алматы облысы Жамбыл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы, Жамбыл ауданы Теміржол, Мыңбаев селолық округтерінің әкімі, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2015 жылдың ақпан айынан бүгінгі күнге дейін Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары болды.

Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы болып Әділет Отарбаев тағайындалды.

Әділет Әділбекұлы 1981 жылдың 9 наурызы күні Жамбыл облысының Тараз қаласында дүниеге келген.

2002 жылы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітіріп, сол жылы еңбек жолын жергілікті компаниялардың бірінде менеджер қызметінен бастаған.

Кейін 2006 жылы келісімшарт бойынша әскер қатарына шақыртылып, Ақтөбе облысы қорғаныс істері департаменті қызметін жалғастырады.

Әр жылдары аталмыш департаментте әскерден тыс дайындық бөлімше бастығы, келісімшарт бойынша әскери қызметке шақыру бөлімі бастығы, Мәртөк аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы, Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте келісімшарт бойынша әскери қызметке алу және шақыру басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.

Осы тағайындауға дейін Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары – жасақтау басқармасының бастығы қызметінде болған. ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған.

Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып Ерлан Назаров тағайындалды.

Ерлан Асылбекұлы Назаров 1983 жылы Қызылорда қаласында туған.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін экономист-менеджер мамандығымен ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын, Ұлттық мемлекеттік саясат мектебін, сондай-ақ АҚШ-тағы Дьюк университетін бітірген.

Еңбек жолын Қызылорда облысы бойынша статистика департаментінде бастап, 2004-2006 жылдары осы мекемеде экономист, маман, жетекші маман, бөлім бастығы болып жұмыс істеген.

2007-2008 жылдары Қызылорда облысының қаржы басқармасында түрлі лауазымда қызмет еткен.

2008-2010 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының экономикалық талдау және қала құрылымын дамыту бөлімінің бастығы болған.

2010- 2012 жылдары Жалағаш ауданы әкімінің аппаратын басқарған.

2012-2013 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары болған.

2013-2015 жылдары – Қызылорда облысының сыртқы байланыстар басқармасының басшысы.

2015 жылы ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.

2017-2019 жылдары Ақтөбе облысының индустриалды-инновациялық даму басқармасына,

2019-2020 жылдары Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасына басшы болды. Қазіргі тағайындауға дейін бизнес-құрылымдарда басшылық қызмет еткен.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации