21 Маусым 08:51

ІІМ: Қазақстанда заңды тіркелген 340 мыңға жуық қару-жарақ бар

Фото:

Мамыр айында Татарстанның Қазан қаласында Ильназ Галявиев деген жас жігіт мектепке қарумен келіп, тоғыз адамды атып тастады. Оның жетеуі – мектеп оқушылары...

Бір қызығы, Галявиев энцефалопатия (ми жұмысының бұзылуы – ред.) дертіне шалдықса да, тегіс ұңғылы бесатарды заңды түрде сатып алған.

И.Гальявиев. Фото: kommersant.ru

Қаруды қауіпсіз пайдалану жөнінде арнайы курстан өткен, медициналық анықтамалар жинап, қару сатып алуға лицензия алған және қаруды үйде арнайы сейфте сақтаған. Бір қарағанда, заң сатыларының бәрінен өткен.

Сәуірдің соңында Алматыда  Ресей азаматы аңшы қаруымен тұрғын үй күзетшісін атып жаралап, кейін өзі 17-қабаттан секіріп өлді...

Қарулы қақтығыстарға қатысып келген ресейлік аңшы қаруын қайдан және қалай алды? Рұқсатты кім берді? Құзырлы органдар қандай қателік жіберді?

Фото: polisia.kz

Nege.kz порталы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына ресми сауал жолдап, Қазақстанда заңды тіркелген қанша қару бар екенін, заңды тіркелген қарулармен қанша қылмыс жасалғанын, мектептердің қаншалықты қорғалатынын сұраған. ІІМ-нің баспасөз қызметінен жауап келді.

«Мектептердегі күзетті күшейту мәселесі Білім және ғылым министрлігіне тапсырылды»

«Бүгінгі күні елімізде 231 мыңға жуық атыс қаруының заңды иелері тіркелген. Олардың пайдалануында 340 мыңға жуық қару-жарақ бар. Бұлардың көпшілігі тегіс ұңғылы аңшы қарулары (86,7%).

2019 жылы атыс қаруы қолданылған 234 қылмыс тіркелсе, 2020 жылы 221 (-5,6%) қылмыс орын алды. Мұндай қылмыстардың көп бөлігі тіркелмеген тегіс ұңғылы, травматикалық және қолдан жасалған қаруларды қолдану арқылы жасалды (2019-73%, 2020-82%).

Ағымдағы жылдың басынан басынан бері тіркелген қару қолдану арқылы жасалған 9 қылмыс есепке алынды.

«Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңның 15-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтары тұрғылықты жері бойынша ІІО-дан қарудың нақты түріне рұқсат алғаннан кейін азаматтық қаруды сатып алуға құқылы.

Бұл ретте, қаруды сатып алу үшін азаматтар қаруды қауіпсіз ұстау қағидаларын қаншалықты білетіні тексерілген анықтаманы және қаруды иеленуге қарсы көрсетілімдердің жоқтығы туралы медициналық қорытындыны ұсынуы қажет, сондай-ақ тиісті мемлекеттік баж салығын төлейді.

Қазақстан Республикасы азаматтары аңшы куәлігінсіз тұрғылықты жері негізінде ІІО беретін рұқсаттар бойынша тегіс ұңғылы, ұзын ұңғылы атыс қаруларын өзін-өзі қорғау мақсатында сатып алуға құқығы бар. Бірақ қаруды алып жүруге рұқсат етілмейді.

Қазіргі уақытта көрсетілген қызметті аумақтық полиция органдары «Е-Лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы порталы арқылы электрондық түрде көрсетеді.

2021 жылғы 17 мамырда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л.Тоғжановтың төрағалығымен балалардың құқықтарын қорғау, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында лицензияланған жеке күзетті енгізу, ауладағы дәретханаларды жою, мектеп ғимараттарынан қазандықтарды шығару, 5000 мектепті жаңғырту мәселелері жөніндегі селекторлық кеңесі өткен болатын.

Фото: sputnik.kz

Аталған кеңесте Премьер-Министрінің орынбасары Білім және ғылым министріне ағымдағы жылғы 15 маусымға дейін мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын лицензияланған жеке күзет ұйымдарымен немесе ішкі істер органдарының кезекші бөлімдерінің пультіне қосылған «дабыл» батырмаларымен қамтамасыз етуді тапсырған еді.

Осыған орай, мектептердегі күзетті күшейту мәселесі Білім және ғылым министрлігіне тапсырылды».

Байқасаңыз, ауыр және аса ауыр қылмыстардың түгелге жуығы заңды түрде тіркелмеген немесе қолдан істелген қарумен жасалады. Аса сирек жағдайда болмаса, есі дұрыс адам өз атына заңды тіркелген қаруды қылмысқа қолданбайды. Бұған дәлел – министрліктің берген жауабы.

Алайда, қару сатып алуға рұқсат беретін органдар аса қырағы болғаны жөн. Кім білсін, галявиевтер өз арамызда жүруі де мүмкін ғой...  

Тегтер: