27 Қараша 13:50

Ескіден келе жатқан егес

Фото:
Еліміздің билік тізгінін ұстаған топтар арасындағы текетірес үдеп барады. Бұл бақталастықтан гөрі есеп айырысуға көбірек ұқсайды. Бұлай деуімізге Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы

Олеся Кексель, Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров және басқа да тұлғалар төңірегіндегі қым-қуыт оқиғалар дәлел болып отыр. Билік органдарының бірі қараласа, бірі ақтайды. Бірі араша түссе, екіншісі жұдырық ала жүгіреді.

Сорақысы сол, бүгінде жұртшылықты «Ұсталғандардың кінәсі бар ма, жоқ па?», «Жазасын ала ма, алмай ма?» деген сұрақтар емес, «Ақыры не болар екен, қай топтың асығы алшысынан түседі?», «Кімнің адамын кім ұстап жатыр?» деген сауал көбірек мазалайды. Яғни, «жемқорлықпен күрес» – есе қайыру, «заң бұзу» – «қарымта». Қылмыстық терминдерді осылайша саяси терминдерге аударып айтатын кезге де жеткендейміз.

Әрине, ықпалды топтар арасындағы текетірес қоғамның көзі мен құлағы – бұқаралық ақпарат құралдарының басты назарында. Тіпті, бұл майданда атойлап «ерлік» көрсетіп жүргендері де аз емес. Осындай текетірестің құрбаны болған журналистер қаншама? Турасы, қандай қоғамда болмасын, билік тізгінін ұстағандар одан қолбала жасауға ұмтылады. Балаң қоғамның «төртінші билігі» де осалдық танытып, «астаудан жем жеп», өзі қолбала бола кетуге бейіл. Өз қағидаттарына берік  журналист емеурінге де, қоқан-лоқыға да көнбесе керек-ті.

Қоғам дертін тап басып көрсетіп жүрген қайсар журналистердің бір шоғыры бар. Солардың бірі – Гүлжан Ерғалиева. Рас, кейбір мәселелерде оны түсінбесек те, журналистика саласына сіңірген еңбегін ешкім жоққа шығара алмас. Қазақ билігінің, шенділерінің болмысын, мінез-құлқын, құлқынын, ісі мен сөзінің астарын дөп басатын мұндай журналист көп емес. Сөзіміз құрғақ болмасын, осындай текетірестер жайында айтқан бірді-екілі сөзіне тоқталайық.

«Жоғарыдағы жүйе бейадами қағидаттар бойынша құрылған. Дұрысы, қағидаттардан мүлде ада. Бүгін бірге жұмыс істейді, бірге демалады, құдандалы болады, бірге ұрлық жасайды. Ертең міз бақпастан бірін-бірі түрмеге тоғытады, қудалайды, абыройын айрандай төгеді. Сонымен қатар әлдеқандай «жұбаныш сыйлығы» да бар. Онысы – «бүгін сенің адамдарыңды отырғызсақ, ертең оның адамдарын қамаймыз».

Бұл –  Гүлжан Ерғалиеваның Фейсбук парақшасына жариялаған «Сайтан дөңгелегі» («Чертово колесо») атты мақаласынан үзінді.

Онда кландар арасындағы текетірестің, бұл мәселеде бірқатар ақпарат көздерінің тарихына шолу жасалады. Бір кездері қылышынан қан тамып тұрған қаржы полициясының қызметіне, оның басшылығында болған тұлғаларға ерекше тоқталады. Осы құрылымның іргетасын қалаған «оңтүстік кланның лидері» Сарыбай Қалмырзаев, оны қорқынышты құбыжыққа айналдырған Рахат Әлиев және оның ізбасары Қайрат Қожамжаровтың тұсындағы жағдайлар сөз болады.

Расында да, сол кездегі қаржы полициясы  ел есінде несімен қалды? Апта сайын елді дүрліктірген рейдерлік оқиғалармен, тұтқындау, жұмбақ өлім, ай күннің аманында адам жоғалу жиілеп кетті.

Аталған күштік құрылым бизнесті ғана шошытып қойған жоқ, бейбіт мекемелелер мен ұйымдарды да қан қақсатқанын қазір біреу білер, біреу білмес. Әлдекімнің ермегі мен кеткен есесі үшін жұрттың дүние-мүлкі тартып алынды, бастаған ісі жабылды. Кейде «тетір көзқарасы үшін» де осындай жазаға тартылатын. Қаржы полициясының жүгенсіз кеткені соншалықты, биліктің өзге органдары – прокуратура, полиция, сот, арнайы қызмет те зәбір көргендерге жәрдем беруге қауқарсыздық танытатын.

Осы уақыт ішінде қаржы полициясының құрылымы, өкілеттілігі талай өзгерді. Бірақ құзыры шектелсе де, мәнінде өзгеріс көп бола қоймаған тәрізді.

«Жемқорлықпен күрес» деген ұранды ту еткен қаржы полициясы бұрынғы дағдысынан жаңыла қойған жоқ. Елді ашықтан-ашық тонау тыйылғанымен, астыртын бопсалауға, қорқытып-үркітуге көшті.

«Қаржы полициясына көп адамдар қарсылық көрсетті. Солардың ішінде Біздің БАҚ-та бар. Біз рейдерлік туралы, оңтүстік кланның астыртын әрекеті туралы жаздық. Нәтижесінде Қалмырзаев Елбасының сенімінен айырылды. Есесіне, жауап ретінде сотқа тартылдық, біздегі әділеттің ережесі бойынша сан мәрте ұтылдық, әрине», - деп жазады Гүлжан Ергалиева.

2011 жылы, guljan.org сайты қаржы полициясына қырғидай тигені естеріңізде болар. Осы құрылымның басы қасындағы тұлғалардың, атап айтқанда, Дүйсенов басқаратын Алматы департаментінің және төраға Қожамжаровтың өзінің былықтары туралы материалдар бірінен соң бірі жарияланды.  Қаржы полициясы басшыларының заңсыз баюдың түрлі схемалары мен заңды белден басқандары егжей-тегжейлі көрсетілді.

Дүйсенов мырза бизнестен 2-3 миллион доллар көлемінде салық жинап отырғаны, жемқорлыққа қарсы бас күрескер Қайрат Қожамжаровтың  әйелі Аханованың шотынан 17 млн доллары бар екені, Дубайдағы қымбат жылжымайтын мүлкі туралы елге жария болды. Бұл ақша қазақ-қытай шекарасындағы атышулы «Қорғас ісінде» су бетіне қалқып шықты.  Астанада қаржы полициясы офицерлерінің үш мәрте зорлық жасағаны анықталған. Бірақ жабулы қазанды жабулы күйінде қалды. Тойып секірген қаржы полициясының қызметкерлері Кан атты кәріс жігітінің өлімінде де себепкер болғаны есте
«Қаржы полициясының біздің редакциямызға берген қарымта соққысы көп күттірген жоқ. Алдымен досс-шабуыл жасалды. Сайт өшіп қалып жатты. Сосын шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер бойынша сот басталды. Арада біраз уақыт өткен соң билік қаржы полициясы басшылығын аттестациядан өткізді. Сұмдық! Офицерлік құрамның 70 пайызы лауазымына сай келмеген соң жұмыстан босатылды. Ең адуынды, жанжалды, ұрлықшы қаржы полициясы ақыры қысқартылды. Кімді болса да тұқыртатын жүгенсіз өкілеттілігі шектелді. Жариялымдарымыздың басты кейіпкерлері шетелге қашып кетті», – деп жазады Гүлжан Ерғалиева.

Әрине, бұл – қалтарыс-бұлтарысы көп дүниелер. Аты өзгерген қаржы полициясының заты өзгерді ме? Бұған кесімді сөз айту қиын. Қаржы полициясының былықтары әшкере болып, талай тұлғаның басын жалмады. Бірі қызметтен кетті, екіншісі шекара асты. Әшкерелеушінің де тірегі мықты, әшкереленушінікі де осал емес. Еңсесін тіктеп, қайта бой көтергендер кезінде өшіккендерден есе қайтарып жатқандай көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, ескіден келе жатқан егес.

Расында да, бұл орган адуынды тұлғалардан құтылғанымен, олардың «мұрасы» өлмегендей көрінеді, ал солардың көзін көргендердің жалы жығылғанымен, әлі де «үйірде» жүр.

Серік Оңалбек

Тегтер: