1 Шілде 17:37
...

Елбасының жүзігі

Фото:

Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Осы кездесуде бұрын көрмеген бір жайтты байқадық: Назарбаев сол қолының шылдыр шүмегіне көзі бар жүзік тағып алыпты...

Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлы президент кезінде қандай да болса жүзік немесе сақина таққан емес. Егер тақса, бұрынғы әріптесі – Түркіменбашы Сапармұрат Ниязовтың аса қымбат жүзіктеріндей бірден көзге ұрып тұрған болар еді.

Бәлкім, қызметтен тыс уақытта тақса, таққан да шығар, бір анығы, бұған дейін ресми кездесулерде Н.Назарбаевтың саусағынан жүзік немесе сақина көрген жоқпыз.

Сағаттарын көріп жүрміз. Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен хронометрлерден гөрі классикалық жұқа сағаттар таққанды жөн көретін. Әлі де солай сияқты.

Жүзік демекші, Түркіменбашының көзі тірісінде оның жүзіктері туралы аңызға бергісіз әңгімелер айтылатын. Кейбір деректерге қарағанда, Ниязовтың 10-нан 70-ке дейін жүзігі болған, олардың әрқайсысының құны 100 мың долларға дейін жеткен және бәрі де арнайы тапсырыспен жасалған.

С.Ниязов.

Ниязов өлген соң жүзіктері қайда кеткені белгісіз. Куәгерлердің айтуынша, Ниязовтың отбасы мен қазіргі президент  Бердімұхамедовтің арасындағы келісім бойынша Ниязовтың біраз дүниесін өздерінде қалдырған. Солардың ішінде жүзіктері де бар деседі...

Түркіменбашының жүзіктерімен салыстырғанда, Елбасының жүзігі әлдеқайда қарапайым әрі аса қымбат емес сияқты. Жарқ-жұрқ етіп бірден көзге ұрып тұрған жоқ. Әлдебір қара тастан орнатылған көзі бар, жүзіктің өзі күмістен жасалған болуы мүмкін. Жинақы әрі сәнді.

Жүзік немесе сақина тағуға дін тыйым салмайды. Кейбір ғұламалар «жүзікті тек билік иелеріне тағуға рұқсат» дейді. Мәселен сұлтан, қажы, хатшы, мөр ұстаушы тағады.

Сондай-ақ, ерлерге бір көзді жүзік тағуға рұқсат. Бірнеше көзі бар жүзікті әйелдер тағады.

«Жүзікті тәкаппарлық үшін, өзін өзгеден биік ұстау үшін тағу – күнә, ал сәндік үшін тағуға рұқсат», – дейді ислам дінінде.

Нұрсұлтан Әбішұлының жүзік таққанына көп болмаған сияқты. Бұлай деп пайым жасауымызға В.Путинмен кездесуі кезінде жүзікті қайта-қайта ұстай беруі себеп болды. Әдетте адам қобалжығанда немесе әлі саусағы үйренбеген кезде жүзікті ұстай береді. Елбасы қобалжыды дей алмаймыз, өйткені Путинмен қарым-қатынасы өте жақсы. Ал енді саусағы жүзікке әлі үйренбеген болуы әбден мүмкін. 

Қош, сонымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НЕГЕ жүзік тақты? Сәндік үшін бе? Әлде мұның біз білмейтін құпиясы бар ма? Жүзік қандай металдан жасалған? Көзі қандай?

Біз мұны Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Кеңсесіне ресми сауал жолдау арқылы анықтауға тырысамыз. 

Тегтер: