14 Қыркүйек 09:52

«Эээ, ты чо там, совсем берега попутал!». Адвокат сотқа Бас прокурорды шақырды

Фото:

Мемлекет басшысы қадағалаушы орган прокуратураның имиджін арттыруды айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ оны іске асыруға келгенде шаруа ақсап тұр. Бұған бұрынғы энергетика вице-министрлері Сәдібеков пен Жақсалиевтің сотында көз жеткіздік.

Sotreport.kz тілшісінің жазуынша, прокурор М.Махметов қызметтік этикадан аттап, адвокаттарға дүрсе қоя берген. Адвокаттар тәртіпсіз прокурорларға екі рет отвод (қарсылық – ред) жариялағанымен, судья Кемеңгер Имашев әлгіндей прокурорларды ұната ма, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір құлақ аспай қойыпты.

Адвокат Талғат Несіпбаев енді Бас прокуратураға шағым жолдамақ. Әрине, егер Ғ.Нұрдәулетов бұған құлақ асса.

– 8 қыркүйек күні 15:00-мен 17:00 аралығында өткен сот талқылауы барысында прокурор М.Б.Махметов маған – Ғ.Сәдібековтің адвокатына ел көзінше дөрекі сөйледі. Оның: «Эээ ты чо там совсем берега попутал», – деген сөзі аудио-видео таспаға жазылған. Сот процесінен кейін қорғаушымен кездесіп, мәселе шешкісі келетінін айтты. Өзінің денсаулығын, жасын, мүмкіндіктерін ескерместен, қоқан-лоқы жасауға тырысты, – деген адвокат Несіпбаев.

Сондай-ақ прокурор Махметов сотта процеске қатысушыларға да дөрекі сөйлейді екен. Мәселен сотталушы Дәурен Дуанбековті «дурачок» деп мұқатып, жұрт көзінше «не адекватный человек» деп кекеткен. «Сотталушыларға «сен» деп сөйлейді. Әрдайым дөрекілік танытып, қызмет бабын асыра пайдаланады. Жасы мен лауазымына қарамастан, түрлі жаргондар қосып сөйлейді», – дейді адвокат.

Прокурор Махметовтің жұмыс өтілі 20 жыл екен, лауазымы – полковник. Қарсы тараптың айтуынша, соған қарамастан Махметов өзін сотта «пацан» сияқты ұстайды.

Адвокат сотқа Бас прокурор Ғ.Нұрдәулетовті шақырып, сотта болып жатқан бассыздықты өз көзімен көруді ұсынды.

Сәдібеков пен Жақсалиев. Фото: ғаламтордан.

Естеріңізге салайық, бұрынғы вице-министрлер мен алты адам ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 4-бөлігінің 2-пункті бойынша айыпталған. Оларға тергеу органы «Қарасу және тағы басқа көлдердің табанын тазалау кезінде атқарылмаған жұмысқа көтерме баға қойып, пайда тапты» деп кінә таққан. Алайда төрт жылдан бері сот бұл іске нүкте қоя алмай келеді.

Тегтер: