4 Наурыз 12:36

Чеботарев: «АҚШ демократиялық ел ме, өзі?»

Фото:

Бұл сұрақ қазақстандық сарапшыларды қызықтырып отыр. АҚШ өзін әлемдегі демократиялық елдердің көшбасшысы ретінде көрсетіп келеді. Расында да, бұл елде билік бір партияның ғана уысында тұрған жоқ. Ың-шыңсыз бір партиядан екіншісіне алма-кезек ауысып отырады.

АҚШ-та федеральды және аймақтық деңгейлерде 100-ге тарта саяси партиялар бар. Бірақ осы елдің саясатын республикалықтар мен демократтар ғана жүргізіп келеді. «Басқа партиялар қайда? Олар неге көрінбейді?» деген сауал туындауы заңды.

«Десе де, АҚШ-та бәрін электорат шешеді. Бірақ қоғамда жиі кездесетін наразылықтар мен сындарға қарамастан, тіпті, жергілікті деңгейде де билік органдарына тек қана аталған екі партияның өкілдері ғана сайланады. Бұл сауалдың жауабын маған әлі ешкім берген жоқ. АҚШ-қа жолым түссе, мұны анықтауға тырысамын», – деген жазба қалдырды фейсбукте саясаттанушы Андрей Чеботарев.

pnp.ru

Бұл сауал қазақстандықтарды қатты қызықтырып отыр. Мәселен, Юрий Солозобов сарапшыдан «америкалықтардан екінші «Нұр Отанды» қайдан аларымызды сұрашы» деп өтініш білдірген. Татьяна Божова болса: «Бұл америкалықтар жанының құпиясы, құпия күйінде қала берсін!» – деп әзілдейді.

Тіпті, АҚШ-та шынайы демократияның бар екеніне күмәнмен қарайтындар да бар. «Бұл – бейдемократиялық саяси тәжірибенің қалдығы. Сұрасаңыз, америкалық жасылдар бұл туралы егжей-тегжейлі айтып береді», – дейді Бақытжамал Бектұрғанова.

АҚШ-тың әлемге демократиялық ұстанымдарды уағыздап қана қоймай, осы құндылықтарды сақтауда күш қолданудан да тартынбайтыны ешкімге құпия болмаса керек. Шынында, солай ма? Әлде мемлекет мүддесін «бостандық», «демократия» секілді әдемі сөздермен бүркемелеп қана жүр ме? Еліміздің маңдай алды мамандары нақты жауабын таба алмай, күдік-күмәнмен қарап, бас қатыруға мәжбүр болып отырса, демек, бұл жерде бір шикілік бар секілді.

Расында да, АҚШ-та шынайы демократия бар ма, өзі?

Тегтер: