2 Желтоқсан 19:08

БҚО Әкімі Ғали Есқалиев: Бізге морг керек

Фото:

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектен кейін Орталық коммуникациялар қызметіне Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиев келді.

Жеңіс Қасымбектен 5 жас үлкендігі әсер етті ме, жоқ әлде әріптесінен тәжірибесі көптеу болды ма, әйтеуір, Ғали Нәжімеденұлы Nege.kz тілшісінің сұрақтарына «жазбаша жауап берейін» деп қиылмады...

Әйтпесе, қос әкімнің әкелері осал емес. Мәселен Жеңіс Қасымбектің әкесі Махмұт Қасымбек – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің басшысы, ал Ғали Есқалиевтің әкесі Нәжімеден Есқалиев – Орал облысын ұзақ жыл басқарған айтулы тұлға.

Батыс Қазақстан облысы әкіміне ең бірінші сұрағымыз облыстық бюджетке қатысты болды. Мәселен, облыстың биылғы бюджеттік кірісі 327,6 миллиард теңге болса, оның 120 миллиарды білім саласына жұмсалған. Ал денсаулық сақтау саласына бар-жоғы 7,4 миллиард теңге қарастырылыпты.

Бұл қаржы қазіргідей қиын кезде тым аз емес пе? Әлде өңірде денсаулық сақтау мәселесі түбегейлі шешілген бе? Ковид көрсеткішіне қарасақ, олай емес сияқты. Оның үстіне облыс Ресеймен шектеседі. Ал Ресейдегі жағдай белгілі. Бұған не айтасыз?

– Әрине денсаулық сақтау саласында мәселелеріміз әлі жеткілікті. Бірақ 7 миллиард теңге – жергілікті бюджеттен қарастырылған ақша. Бұл салаға қатысты өзге де қаражат көздері бар. Ол Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және мемлекеттік тегін берілетін медициналық қызмет қоры.

Аталған екі қордың қаражаты биылдың өзінде 70 миллиард теңгеге жуық болды. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 30-35 пайызға өсті. Негізгі қаражат көздері республикалық қор арқылы келуде. Сондықтан да денсаулық сақтау саласына бөлініп жатқан қаржат аз емес.

Бұған дейін Nege.kz порталында Орал қаласында салынатын жаңа морг пен құрылыстың бюджеті туралы мақалалар жарияланған-ды. Екінші сұрағымыз осыған қатысты болды.

– Орал қаласына құны 1 миллиард 240 миллион теңгеге морг салынбақ. Бұл тым көп ақша емес пе? Жалпы өңірге мұнша қымбат морг қаншалықты қажет?

– Жаңа моргтың қажеттігігі өте маңызды. Әйтпесе, біз осындай жобаны қолға алмас едік.

Көптеген өңірде 2020 жылдың пандемия кезінде моргта орын болмай қалды. Қайтыс болған адамдардың мәйіттері сыртта жатты. Сол себепті қажеттілік үлкен. Оның үстіне қазіргі моргтің құрал-жабдықтары әбден ескірген. Шыны керек, біздің дәрігерлердің өзі ол жерде жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан қиын жұмыспен айналысатын дәрігерлерімізге барлық қолайлы жағдай жасауымыз керек.

Ол әкімшілік секілді өзімізге қажетті ғимарат емес, жалпы халыққа қажетті нәрсе. Мұндай жобаларды қолға алмас бұрын сараптамадан өтеді. Оған артық қаржы жұмсауға болмайды. Ғимаратты салуға қажетті 1 миллиард 240 миллион теңге көп ақша емес. Ол – облысқа қажетті ғимарат. Сондықтан біз бұл ғимаратты саламыз. Өйткені бұл дәрігерлеріміз де, тұрғындарымызға да қажетті ғимарат болып отыр, – деп жауап берді Ғ.Есқалиев.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: