«Біртүрлі» фото: Бүгін Біртановқа қатысты маңызды шешім шығады

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов былтырғы жылдың 30 қазанында бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілініп, 3 қарашада Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитеті тергеу департаментінің Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы тобы ұстаған еді.
Нақтырақ айтсақ, денсаулық сақтау жүйесіне бағытталған арнайы платформа сатып алуға бөлінген 526 225 351 теңгені жымқырған деп айып тағылды.
Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, тергеу амалдары ыждаһатты түрде жүргізіліп жатқан көрінеді. Алайда, оның адвокаты Дмитрий Куряченко: «Біртановқа келтірілген күдік негізсіз, оның ешқандай кінәсі жоқ. Ол өтірікке қарсы, шындық үшін күреседі. Өзіне әділетсіздік жасалғанын сезіп отыр», –деген.
Бұдан кейін, яғни 20 қаңтар күні үш ай үйқамақта болған Біртановты ұстау мерзімін тағы бір айға ұзартқан. Сол кезде адвокаты оның көңіл-күйінің жаман емес екенін хабарлаған. «Ол үш айын үйқамақта өткізді. Тағы бір ай отыратын болды», – деген.
Бірақ 22 ақпан күні Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі наурыз айының соңына дейін, ал 26 наурызда Нұр-Сұлтанның тергеу соты тағы бір айға ұзартқаны есте. «Судья шешімінің себебі белгілі. Біртановты қамауға алу мерзімін ұзартпаса, оны заңсыз қамауға алды дегенді білдіреді. Тергеу ісі бойынша Біртановты күдікті ретінде ұстауға негіз болған жоқ. Тіпті үй қамауына алу да негізсіз», – деді адвокаты Куряченко.
Бүгін әлеуметтік желіде экс-министрдің суреті жарияланды. Сурет тергеу процесі кезінде түсірілгенге ұқсайды. Біртановтың шашы, сақал-мұрты өсіп кетіпті. Бұған дейін адвокат Дмитрий Куряченко «Біртановқа тіпті шаштаразды да кіргізбей жатқанын» мәлімдеген.
Айта кету керек, экс-министрдің адвокаты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Біртановты заңсыз қудалау ісін реттеуге өтініш жазғанын» да жеткізген. Ал Біртанов өзін кейбір азаматтардың қолдап жатқанын біліп, сезіп отырған көрінеді.
Тілшіміз Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баяноваға хабарласты.
«Сот отырысы әлі басталмады. Іс сотқа тапсырылған жоқ. Тек бұлтартпау шарасына қатысты материал онлайн қарастырылып жатыр. Бүгін сағат 15:00-де Біртановтың ісіне қатысты қаулы жарияланады. Бұл процеске БАҚ өкілдері көп қатысқысы келеді, алайда оған мүмкіндік жоқ. Өйткені адам саны көп болса, жүйе жұмыс істемей қалады. Баспасөз хабарламасын таратамыз», – деді соттың ресми өкілі.
Прокурорлар экс-министрдің үйқамақ мерзімін мамыр айының соңына дейін ұзартуды сұрады. Олардың пайымдауынша, Елжан Біртановтың қазіргі қамауға алу мерзімі сәуір айының соңында аяқталуы тиіс. Соған сәйкес, Біртанов бостандықта жүрсе, тергеуге қысым көрсетуі мүмкін.
Бірақ бүгін күдіктінің адвокаттары соттан Біртановты босатуды сұрады. Олар осы уақытқа дейін бұрынғы министрдің кінәлі екенін дәлелдейтін бірде-бір дерек табылмағанын алға тарта келе, жүріп жатқан тергеу амалдары кезінде көптеген заңбұзушылық болғанын жеткізді. Тіпті, қорғаушы тарап әлі күнге дейін сандық медициналық платформаларды әзірлеумен айналысқан шетелдік компаниялардың өкілдерінен жауап алынғанбағанына күмән келтірді.
«Бұл – айыптаудың негізгі бағыттарының бірі», – дейді авдокаттары.