18 Қараша 17:23

«Бір ай ойланам». Әбдіхалықова «мәңгілік орынбасарын» жұмыстан босатуға қатысты осылай деді

Фото:

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңына Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіхалықова келіп, өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстырды. «Облыстың тұңғыш әйел әкімі» деген атағы бар Гүлшара Наушақызы байыпты болуға тырысты. Nege.kz тілшісінің сұрағына Ақтөбе мен Алматы облысының әкімдері секілді ашуланбады.

Г.Әбдіхалықова. Фото: ortcom.kz

– Гүлшара Наушақызы, әкімдіктің бюджетке қатысты есебіне қарасақ, өңірдің биылғы табысы 30 млрд теңгеге жетпейді екен. Ал республикалық бюджеттен 320 млрд теңге дотация алынған және дотация көлемі жылдан-жылға көбейіп барады. Мұны немен түсіндіресіз?

– Біздің облысқа 2021 жылы жалпы 172,9 млрд теңге кіріс түскен. Оның ішінде республикалық бюджеттен 64,2 млрд, жергілікті бюджеттен 57,470 млрд, ұлттық қордан 51,1 млрд теңге аударылған. Жалпы алғанда, әрине, біздің облыс дотациялық облыс  болып есептелінеді. Бірақ былтыр мысалы 320 млрд теңге республикалық бюджет болса, сіз айтып отырғандай 244 млрд ғана республикалық бюджет болды.

Біздің шығынның көбейіп отырғаны, аудандық білім бөлімдерінің барлығы облысқа берілді де, олардың қаражаты облыстың қаражатына қосылды. Одан бөлек бізде республикалық бюджетке шемімін таппаған әлеуметтік мәселелер трансферт ретінде келеді.

Мысалы мұғалімдердің айлық табысы 25 пайыздан жыл сайын 4 рет көбейтіліп жатыр. Нақтырақ айтсам, ұстаздардың жалақысы бір жылда екі есе көбейді. Бұл қаржы бізге республикалық бюджеттен келеді. Сол сияқты әлеуметтік көмектерге кететін шығындар бар. Осыған байланысты біз республикалық бюджеттен алып отырамыз. Бұдан басқа ұлттық қордан пандемияға байланысты жол картасына деп 40 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл жыл сайын бөлінетін ақша емес. Аталған қаржы қазіргі жағдайға байланысты беріліп отыр. Сонымен қатар Ұлттық қордан «Ауыл ел бесігі» жобасы бойынша уақытша қаржы беріліп отыр.

Егер біз ұсынып отырған 535 млрд теңгенің өндірістері іске асатын болса, салық түсіп, кірістеріміз одан сайын көбейетін болады.

– Бұған дейін Мәдениет басқармасының басшысы жемқорлық  бабымен ұсталып, сотталды. Сондай-ақ спорт басқармасының басшысының үстінен жемқорлық бабы бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр. Қос басқарманы өзіңіздің облысқа алып барған орынбасарыңыз Серік Ахметов қадалайды. «Қызметкері жемқорлықпен ұсталса, тікелей басшысы отставкаға өтініш жазу керек» деген талапты сіздің орынбасарыңыз орындады ма?

– Мәдениет басқармасының басшысы Мира Абуова қатысты жемқорлыққа қатысты іс қозғалған болатын. Осы іс бойынша 25 қазан күні соттың шешімі шығып, Абуова кінәлі деп танылып, оған айыппұл салынды. Мемлекеттік қызметке қатысты заң бойынша, сот күшіне енген 10 күннен кейін осы саланы бақылайтын орынбасар менің атыма арыз жазу керек. Осыдан бірнеше күн бұрын маған Серік Ахметовтен арыз келіп түсті.

С.Ахметов

Ал спорт басқармасының басшысы бойынша әлі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соттың шешімі шықпайынша біз ол туралы мәлімет бере алмаймыз. 

Серік Ахметовке келетін болсақ, бұл кісі 43 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Ешқашан ол жемқорлыққа байланысты немесе мемлекеттік қызметшінің атына кір келтіретін іс-әрекеттерге барған емес. Өз ісінің кәсіби маманы. Осы жылдар ішінде орталық және жергілікті органдарда абыройлы қызмет істеді. Сотта осы іске куәгер немесе осы іске итермелеуші ретінде де қаралған жоқ. Жалпы мен ол кісіні бұрыннан білемін. Репутациясы өте таза. Жемқорлыққа байланысты приципінде жақсы білемін. Қазір қызмет бабында осындай жағдайлармен күресіп жатыр. Біздің облыста жемқорлық былтырғы жылмен салыстырғанда 47 пайызға азайған.

– Демек, өзіңіз министрі болғанда да, мемлекеттік хатшы лауазымын атқарғанда да үнемі жаныңыздан тастамайтын кадрды отставкаға жібермейсіз. Солай ғой?

– Менде заң бойынша бір ай уақыт бар. Бұл енді адамның тағдыры болғандықтан жеті рет ойланып, шешім қабылдауым керек. Арыз жазылғаннан кейін бір ай уақыт беріледі. Сіздерге қосымша айтатын боламын.

P.S. Облыс әкімі қосымша сұрақтарымызға да жауап беруге уәде етті. Жалпы, Гүлшара Наушақызына қояр сұрағымыз аз емес. Әкім уәдесінде тұрса, дотация көлемі не себепті жылдан-жылға өсіп бара жатқанын тағы да нақтылап сұраймыз.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: