6 Мамыр 11:19

Бекшин нені жасырып жүр?

Фото:

Сәуірдің соңғы күнінде Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы Жандарбек Бекшинге ресми сауал жолдағанбыз. Редакцияның поштасына әлдекімнен «құйрық-жалы» жоқ жауап келді. Әрине, егер мұны «жауап» деп атауға болса...

Департамент басшысы корнонавирустан бөлек, өзінің орынбасары Әсел Қалықовамен де «күресіп», әуре боп жүр. Ал енді «екі қошқардың басы бір қазанға сыймауы» індетті тоқтатуға кесірін тигізетіні анық.

Қош, сонымен Ж.Бекшинге мынадай нақты сұрақтар қойғанбыз: Алматы қаласында эпидемиологиялық ахуал қандай? Былтыр осы уақыттағы жағдай қайталануы мүмкін бе? Ауруханалар қанша пайызға толды? Қандай жағдайда қалада қатаң локдаун жарияланады?

Алматы қаласының эпидемиологтарына не себепті үстемақы төленбей жатыр? Эпидемиологтар арасында қысқарту жүретіні рас па?

Қоймада жатқан «құрылыс киімдеріне» қатысты сараптама нәтижесі шықты ма? Қашан зейнет демалысқа кетесіз?

Жауап мынадай болды: «Бүгінгі таңда Алматы қаласында эпидемиологиялық ахуалы өте күрделі. Өздеріңізге мәлім, Алматы қаласы денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологиялық ахуалын бағалайтын матрицасында наурыз айының басынан бастап сәуір айында қызыл аймақта болды және мұндай қолайсыз жағдай  әлі де жалғасуда. Бұл жағдайдың себебі, бұрындары мәлімдегендей, коронавирустың мутация түрінің тұрғындар арасында белең алуы.

Қалада осы індет басталғалы бері 53819 ауырған адам ресми тіркелді, соның ішінде биылғы жылдың басынан бүгінгі таңға дейін 35298 ауырған адам тіркелді. Бұл былтыр тіркелген 18521 ауырған адам санынан 2 есе көп.

Бірақ, былтырғы ауыр жағдай қайталануына жол берілмейді, себебі біріншіден, денсаулық сақтау желісіне әкімдік пен денсаулық басқармасы тарапынан аса көңіл бөлініп, жан-жақты дайындық жүргізілді. Соның ішінде арнайы ауруханалар кеңейтіліп, толығымен медицина құрылғылар мен дәрі-дәрмекпен жабдықталып, мамандар дайындығы артып, емдеу, ошақтарда арнайы эпидемияға қарсы іс-қимылдың тәжірибесі молайып, қодануда; дәріханаларда дәрі-дәрмек пен бетперде қоры жасақталған.

Екіншіден, ПТР сынамасын жасайтын 20 лаборатория қызмет көрсетуде және олардың қуаты жоғары деңгейде қамтылған.

Үшіншіден, індеттің күнделікті таралу себептері жіті бақыланып, мемлекеттік органдар тарапынан тосқауыл болатын нақты шектеулер қолданылуда (соның ішінде «ASHYQ» мобильдік қосымшасын енгізу сияқты заманауи тәсілдер).

Төртіншіден, коронавирус ауруына қарсы жаппай вакцина егу мәселесі қолға алынып, қарқынды іске асуда (бүгінгі таңда қала тұрғындарының 10 пайызына вакцина егілді). Індеттің белең алу қарқыны вакцина егу деңгейі 30-40 пайызға жеткеннен бәсеңдей бастайды деп күтілуде және алдағы мақсат – қала түрғындарының 70 пайызын егумен қамту. Тек сол кезде ғана індеттің бетін қайтарып, тоқтата аламыз.

Ауруханалар бүгінгі таңда 58,7 пайызға толды.

Егер қала тұрғындары орнатылған тәртіпке мойынсұнбай, жиын-тойды жағдай түзелгенше тия тұрмай, бетперде мен ара-қашықтық ережелерді сақтамай және үсынған коронавирус ауруына қарсы жаппай вакцина егуді қолдамай індеттің кеңінен таралуына жол беретін болса, соның салдарынан өлім-жітім күрт көбейіп кететін болса, қалада қатаң локдаун жарияланады. Оған үлгі – кәзір Үнді сияқты  елдерде болып жатқан жағдайлар».

Бұрнағы күні Nege.kz редакциясына Алматы қаласының эпидемиологтары нарызылық танытып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Себебі олар күн-түн демей, сенбі-жексенбіге қарамай жұмыс істеп жатқанымен, бірнеше айдан бері үстемақы алмаған.

«Басшылық әне-міне төлейміз деп алдаусыратып жүргеніне біраз болды. Қауіп әлі сейілген жоқ, бәріміздің де бала-шағамыз бар. Жұмыс бастан асады, азғантай жалақымен күн көру мүмкін емес. Соған қарамастан, эпидемиологтарды қысқартпақ. Егер үстемақы төленбесе, заңда белгіленген уақыттан артық жұмыс істеуден бас тартамыз», – деген редакцияға хабарласқан эпидемиологтар.

Қоймада жатқан «құрылыс киімдері» де біраздан бері шу болып жатыр. «Бекшин мен Қалықованың арасын суытқан бұл ғана емес» дейді білетіндер.

Жандарбек Бекшин биылғы жылдың басында зейнет жасы 63-ке толды. Не себепті зейнет демалысына кетпей жүргенін департамент басшысының өзі ғана біледі. Сол себепті бұл сұрақтың басын ашық қалдырамыз.

Бекшин кімді күтіп, нені жасырып жүр? Сауалдарымызға НЕГЕ толық жауап бермеді? Алдағы уақытта бұл сұрақтарға жауап табуға тырысамыз...     

Тегтер: