Бекболат Тілеуханның ең қымбат жылқысының құны қанша?

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан бәйге түрлері бойынша Елбасы кубогына республикалық турнир өткізу туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрағына жауап берді.
Бекболат Тілеуханның жылқыларға ерекше назар аударатынын барлығы да біледі. Тіпті, асыл тұқымды қымбат аттарды ұстайтыны туралы да айтылып жүр. Депутаттың аттары сыйлыққа келген бе, әлде өзі сатып алған ба?
Брифинг барысында Nege.kz сайтының тілшісі жолдаған сауалға Бекболат Тілеухан өзі жауап берді.
«Асыл тұқымды аттарым бар. Лаулат дейтін Қостанай айғыры бар. Оны 900 мың теңгеге сатып алдым. Салкүрең деген атым да Қостанай жылқысының тұқымы, өте төзімді. 550 мың теңгеге өзім сатып алған ат.
Тасуа деген атты Шешенстандағы таныс бауырым сыйлады. Келешекте Тасуа бәйгеге қосылатын болады. Ол – ағылшын жылқысы. Менің естуімше, оның бағасы 8 мың еуроның айналасында екен. Бірақ, оны Шешенстандағы бауырым қазақ спортына, жеке басыма деген құрметін көрсетіп, Тасуа деген жылқыны сыйлады.
Алдыңғы жылы менде Бақторы дейтін ат болды. Оның құнын білмеймін. Оны маған Нұрбол Болатұлы сыйға тартты», – деді Бекболат Тілеухан.
Бекболат Тілеуханның дәл осы Бақторы дейтін аты Елорда жанындағы «Қазанат» атшабарында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атындағы кубокта «Аламан» бәйгеде 1-орын алған. «Бақторы» 5 млн теңге және арнайы кубок иеленген.
Депутаттың жай мініс аттары да жетерлік екен. Оны қасқырға, түлкіге аңға шыққанда мінетін көрінеді.
«Оларды қымбат ат деп айта алмаймын. Жалпы, мініске байланысты менде бас-аяғы 6 ат бар», – деп жауап берді Бекболат Тілеухан.