20 Қараша 10:23

«Базар-базар, базардың нарқы бөлек!». Шөкеев емтиханнан қалай өтті?

Фото:

Кеше Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар орталығына келіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырды. Әдеттегі әкімдерден бөлек, Өмірзақ Естайұлы Түркістанның жаңаша түлеп жатқанын нық отырған күйінде сықиған цифрлармен дәлелдеуге тырысты. Басқалары тікесінен-тік тұрып есеп беріп еді...

Оған дейінгі һәм кейінгі әкімдер тікесінен-тік тұрып есеп бере берер, бірақ Шөкеев отырған орнынан тұрмады, себебін өзі біледі. Шөкеевтің сынға терісі қалың екенін біз де білеміз. Алайда журналистердің сұрақтары облыстағы бар шаруаның «Ок» емес екенін аңғартты.
Мәселен «31 арна» журналисі Айбар Жақсыбаев облыс басшысыың «Неге дікеңдеп тұрсың?!» деп мал базары қожайына доқ көрсеткенін еске алды. Президент пандемия кезінде шағын және орта кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, негізсіз тексерістерден тыйғанын тілге тиек етті.
– Бұл кәсіпкерге қысым көрсету емес пе? Мәселен одан кейін Қарабұлақтан 30 шақырым жерден, нақтырақ айтсам, Шымкенттің маңынан мал базар салыпсыз. Сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де кәсіпкерлерді қысып тастаған жоқсыз ба? Бұл сіздің қызмет бабыңызды асыра пайдалану емес пе?, – деп сұрады.

– Жоқ мен олай ойламаймын. Өйткені аталған мал базары – республикалық маңызы бар үлкен сауда орны. Ол жерге республиканың түкпір-түкпірінен мал келеді. Малды алып келген фермерлердің базарға кіруде қиындыққа тап болады. Маған «Кірген малды шығару қиын» деген шағым келген болатын. Содан кейін оның айналасындағы малдардың бәріне әр түрлі истероидтар пайдаланады деген мағлұмат келді. Ол өзі қауіпті нәрсе. Соны тексеруге делегация болып барғанбыз.

Облыстың әкімі болғаннан кейін ең бірінші сол жердің мал базарының қожайынына барғанмын. Ауыл шаруашылық министрі болғандағы кеңестерімді, ұсыныстарымды айтсам, қабылдамай тұрды ғой. Сол жерде болған шамалы әңгіме. Оны бір үлкен проблема қылудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Кезінде жер бөлінген кезеңде ол мал базардың заңдылығы да біраз сұрақтар тудырды. Кейін сот процестері болып, әлі де ол жалғасып жатыр. Бұл былай айтқанда жұмыс барысындағы сәттер. 
Біз облыстағы барлық сауда орындарын, базарлар секілді қандай да бір мекеме болсын заң аясында жұмыс істеуі керек деп санаймын. Заң аясында. Ол жерде жалғыз базар емес, басқа да көптеген нысандар заңсыз салынған екен. Соның бәрін прокуратура өзі тексерген. Солармен бірге заңдылықты орнату мәселесі болды. Ал енді бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, жұртты шулатып немесе айқайлатып заңды менсінбей, «заңды бұзамыз» деген адамға жол бермейміз, – деп жауап берді әкім.

Тілшінің: «Шымкенттен 30 шақырым жерден мал базарын не үшін салдыңыздар?», – деген сұрағына әкімнің жауабы жоқ екен.  
– Ол жерде қандай мал базар салып жатқанын білмеймін. Пандемия кезінде бір жағынан жақсы құбылыс болды. Барлық жерге малды жинамай, ауылдағы фермерлер интернет арқылы өз малын сататын болды. Сондықтан мал базарлардың құндылығы жойыла ма деп ойлаймын, – деп екұшты жауап берді. 

Бір қызығы, Ө.Шөкеевке қойылған сұрақтардың көбі базар төңірегінде болды. Өйткені оңтүстік жұрты арасында соңғы кезде «Шөкеевтің базарлары» деген ұғым пайда болған. Оның көбіне мал базарларына қатысты. Жұртшылық бұлай дегенде оның бір кездері ауыл шаруашылығы министрі болғанын меңзейтін болса керек, сірә.

Ең қызығы мынада, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев өңірдегі туризмге қатысты мәселеде ашуланып кетті және онысын білдірмеуге тырысты. Биылғы 9 айда туризмге шығындалған бюджет қаржысы 80,8 млрд теңгеге жеткенімен, оңтүстіктегі туризм шиті мылтықтың «пық» еткеніндей болғаны өңір басшысының жүйкесіне тисе керек.

Әйтеуір туризмге бөлінген 80 млрд теңгені жоққа шығарып, әлдебір сайтқа қайта-қайта сілтеме жасады, бірақ атын атай алмады. Атаса, біздің порталға тегін жарнама болатынын жақсы біледі. Өмірзақ Естайұлының айта алмағаны – Nege.kz еді. Мақаланың сілтемесі төменде.  

Жалпы, оңтүстікте Өмірзақ Шөкеев десе, базар дауы еске түседі. Базар болғанда да заманауи базар емес, кәдімгі қара базар. Негізі, Мемлекет басшысы Өмірзақ Естайұлын Түркістанда туризмді жандандырады деп жіберген, бірақ ол киелі жерді әдеттегісінше базарға айналдырып жіберген сыңайлы...

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: