30 Желтоқсан 15:45

«Батпан құйрық»: 2021 жылы парамен ұсталған шенеуніктер

Фото:

2021 жыл қазақстандықтар үшін елеулі оқиғаларға толы болды. Қоғамды дүрліктірген саяси жаңалықтардан бастап әлеуметтік оқиғаларға дейін ел жадында қалды десек, қателеспейміз. Қоғамның басты дертіне айналып үлгерген жемқорлық мәселесі де осы жылы аз болған жоқ. Шенеуніктер бірінен соң бірі ұсталып жатты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлықтың азаймағанын биыл да көрсетіп берді. 2021 жылы жемқорлық фактісімен кімдер ұсталды? Nege.kz порталының тілшісі шолу жасап, жемқорларды жіпке тізіп шықты. 

2 млн теңге: Талғар ауданының әкімі Ерекешев командасымен ұсталды

2021 жыл бастала салысымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы облысы қызметкерлері Талғар ауданының әкімі С.Қ.Ерекешев пен оның орынбасары  және Тұрғын үй шаруашылық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі ұсталғанын хабарлаған болатын. Алайда, бұны басында жалған ақпарат деген шенділер артынша деректі растады.

Сот шешімі көп күттірген жоқ. 4 желтоқсанда Алматы облысы Талғар аудандық соты Талғар ауданының бұрынғы әкімі Ерекешовке және Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шамаевқа қатысты үкім шығарды.

Айыпталушылар ЖШС директорынан сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы бойынша орындалған жұмыс актілеріне қол қойғаны үшін 2 миллион теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінген.

Талғар ауданының бұрынғы әкімі Ерекешев сотталып, оған 59,4 миллион теңге айыппұл салынды. Осы үкім бойынша, Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шамаевқа 29,7 миллион теңге айыппұл салынды.

37 миллион: Алматы облысының Білім басқармасының басшысы парамен ұсталды

Алматы облысындағы жемқорлық фактісі бұнымен аяқталған жоқ. Талғар ауданының әкімінен кейін іле-шала 2021 жылдың 2 ақпанында Алматы облысы Білім басқармасының басшысы  37 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды.

Тергеу материалдары бойынша Майгүл Омарова 2020 жылдың қазан-қараша айларында жеке кәсіпкермен жалпы сомасы 406 миллион теңгеге 2 522 дана ноутбук жеткізуге және пандемиямен күрес бойынша дағдарысқа қарсы шаралар аясында сатып алынған ноутбуктерді кедергісіз қабылдауға бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу шартын жасасқан.

2021 жылғы 1 ақпанда топ болып, алдын ала сөз байласу арқылы «Әзім», Lazer, LapTop, LuckCom, «Алмас», «Қыдыралинов» ЖК өкілі Н.Ж.Нүкеновтен 37 650 000 теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара алды. Параны олар «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде Алматы облысының орта білім беру мекемелерінде қашықтан оқыту үшін пандемияға қарсы күрес жөніндегі дағдарысқа қарсы шаралар аясында жалпы сомасы 406 миллион теңгеге сатып алынған 2 522 дана ноутбукті кедергісіз қабылдау және жеткізуге 2020 жылғы қазан-қарашада жеке кәсіпкерлік тәсілімен мемлекеттік сатып алу шарттарын жасағаны үшін алған.

1 млн теңге: Қапшағай қаласы білім бөлімінің басшысы пара алды деген күдікке ілінді

Жыл басында жемқорлардың тізімін тағы да Алматы облысының шенділері толықтырды. Алматы облысы Қапшағай қаласы білім басқармасының басшысы Раиса Ешимова бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. 

Раиса Ешимова білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына бөлінген 1 млн теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.

8 мың АҚШ доллары: Жоғарғы соттың судьясы пара алды деген күдікпен ұсталған

11 ақпанда Жоғарғы соттың судьясы Мейрам Жанғұттинов пара алды деген күдікпен ұсталды. Оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік бөлімімен бірлесе отырып қолға түсірген болатын.

Оған 8 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген айып тағылды. 

Қаражат оның Жоғары сот кеңесінде жұмыс істеген кезінде Түркістан облысы аудандық сотының судьясын басқа сотқа ауыстыруға жәрдем көрсеткені үшін берілген. Осы уақытта Түркістан қаласында ақшаны беріп жіберген аудандық соттың судьясы да ұсталды.

14 млн теңге: Мәйітхана директорына қатысты тергеу аяқталды

Алматыдағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет былтыр мемлекеттік сатып алу бойынша 4 млн 500 мың теңге жымқырды деген күдікке іліккен қалалық патологоанатомиялық бюро директоры Б.Д.Әлібековке қатысты тергеуді аяқтады.

Күдікті заңда көрсетілген шектеуге қарамастан Veritas Primus деп аталатын ЖШС ашып, сол арқылы бюджет қаражатын өзіне аударып отырған. Бұған қоса бюро директоры жаңа салынып жатқан патологоанатомиялық бюроға медициналық жабдық жеткізу бойынша құжаттарға еш кедергісіз қол қою үшін алматылық кәсіпкерден 14 млн теңге пара алды деген де күдікке іліккен.  Қазіргі кезде қылмыстық іс сотқа тапсырылды.

4,5 млн АҚШ доллары: Алматылық судьяның ісі

2021 жылы парақорлардың көшін судьялар бастаған сияқты. 2021 жылдың сәуір айында Алматы қаласы, Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманованың парамен ұсталғаны туралы ақпарат тарағаны бәрімізге мәлім. 

Іле-шала әлеуметтік желіде заңгер Айгүл Орынбек судьяның кабинетінен 4500 доллар, үйінен 2 800 000 доллар, көлігінен 600 000 доллар және құрылыс компаниясынан алған 1 180 000 доллар табылғанын жазды. Алайды бұл жалған болып шықты. Судьяның кабинетінде 10 000 доллар болған.

С.Жолманованың «ұсталуына» байланысты дақпыртты іс ушықты. Судьяның өзі әлеуметтік желі арқылы «өзін ешкім ұстамағанын, кабинетінен табылған ақшаны қылмыстық іске ешқандай қатысы жоқ екенін, Алматы қалалық сотының төрағасы мен Медеу аудандық сотының төрағасы ҰҚК қызметкерінің көмегімен өзіне қарсы арандату ұйымдастырғанын» мәлімдеді.

Судьяның сөзіне қарағанда, бірнеше ай бұрын оның кабинетіне жасырын камера орнатылған. Жолманова әлеуметтік желідегі парақшасында камера орнатылған жердің фотосын жариялады.

Кабинетте табылған ақшаға қатысты Жоламанованың өзі былай деді:

«Бұл – үй жағдайымды жақсарту үшін ипотекаға пәтер алу үшін жиналған ақша. Құрбымнан қарызға алдым. Ақшаны үйде сақтау қауіпті. Өйткені балаларым үйде. Сол себепті кабинетімдегі сейфте сақтаулы тұрды».

5 миллион теңге: Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова ұсталды

10 желтоқсан күні Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтың 5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталғандары белгілі болды.

Олар Атырау қаласында 145 миллион теңге сомасына Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін ЖШС басшысымен алдын ала сөз байласып, 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.

Абай ескерткішіне келетін болсақ, былтыр ақын ескерткішін орнатуға екі рет ұсыныс жасалған – алдымен облыстық мәслихат сессиясы кезінде, содан кейін ақынның 175 жылдығын мерекелеу аясында.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен депутаттар бұл идеяны қолдаған, содан кейін тендерге дайындық жүргізілген. Алдын ала мәліметтер бойынша, келісімшарт сомасы – 150 миллион теңге, ал мәдениет басқармасы бірінші траншты өткізіп үлгерген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері тергеу сотында Хаменованы екі айға қамауға алу туралы өтініш береді.

Құқықтық статистика деректері бойынша, Қазақстанда жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысты 725 қылмыстық іс тергелген. Белгіленген шығын 6,2 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 23,2%-ға артық. 4,6 млрд теңге тәркіленіп, күдіктілердің өз еркімен өтелді.

Ең көп үлес ауыр қылмыстарға тиесілі – 5,6 млрд теңге шығын. Аса ауыр қылмыстар 180 млн теңгеге зиян келтірді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның басшысы Президентке агенттіктің биылғы 11 айдағы жұмысының нәтижелері туралы баяндады. Марат Ахметжановтың айтуынша, биылғы 11 айдың ішінде 1576 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген.

1280 азамат, оның ішінде республикалық және облыстық деңгейдегі 159 басшы жемқорлық қылмыс бойынша жауапқа тартылған.

Тегтер: