Баталов ішкі саясат басқармасының басшысын НЕГЕ ауыстырды?

06 сәуір, 13:36
Баталов ішкі саясат басқармасының басшысын НЕГЕ ауыстырды?
Фото: nege.kz

Бүгін Алматы облысының әкімдігінде ауыс-түйіс болды. Рахмет Есдәулетов ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Р.Есдәулетов жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Дін істері басқармасының басшысы болған. Ал ішкі саясат басқармасы бастығының міндетін Гүлмира Маупашева атқарып келді. Маупашеваға Баталовтың көңілі толмаса керек, сірә.

Р.Есдәулетовтің жасы 62-де. Мамандығы педагог болғанымен, еңбек өтілін Талдықорғанда ветеринар болып бастапты. Өмірбаяны осылай дейді. Ол әр жылдары облыстың мәдениет саласында түрлі қызметтер атқарған. «Мәдениет қайраткері» атағы бар.

Биыл 6 ақпанда Nege.kz порталында «Баталовтың күні блогерлерге қарап қалған ба?» деп аталатын мақала жарияланып, онда Алматы облысының әкімдігі блогерлердің көңілін табу үшін «иіліп – төсек, жазылып – жастық» болғанын, олардың әрқайсысына қымбат сағат сыйлап, әке-көкелеп Шонжыдағы ыстық суға апарып аяғын малғанын жазғанбыз.

Жалпы, «мақтаулы әкім» А.Баталовтың өзі де мақтанғанды теріс көрмейтін сыңайлы. Әйтпесе, блогерлердің қызметіне жүгінетіндей не күн туды басына?

Енді Р.Есдәулетов облыс әкімі А.Баталовтың «ішкі саясатымен» айналысатын болады. Ішкі саясат дейтін «аса нәзік» салаға өз қатарласын әкелуі де бекер болмаса керек.

Алматы облысының әкімі А.Баталов әне-міне зейнетке шағатын адамды аса жауапты салаға НЕГЕ басшы етті? Әлде облыста білікті кадр тапшы ма?

Мұның себебі мынада болса керек: дәл қазір Баталовқа ескі гвардияның «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» өкілі керек-ақ. Әсіресе, өзі жиі сүрініп қалатын ішкі саясатта...      

#баталов #есдәулетов #әли