18 Маусым 14:36

Бастығына әтір сыйламақ болған шендінің мәселесі майшаммен қаралатын болды

Фото:

Маңғыстау облысының Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Б.Қуанышбектің қарамағындағы қызметкерлеріне «жоғарыдағы басшыларға жағудың жарқын үлгісін» үйретіп жатқаны туралы видео бүгін әлеуметтік желіде жарияланды.

Видеода Б.Қуанышбек облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысына 50 мың теңгеге әтір алып беру керек екенін айтып, «қайда қалмай жатқан 50 мың теңге» дейді.

Фото: ғаламтордан.

Бұдан бөлек, жария болған аудиожазбада «целый подполковник» (Қуанышбек бұрын құқық қорғау органдарында жұмыс істеген – ред.) әріптестерінен «өзіне жұмыс бабымен телефон соқпауын» талап етеді.

Осы мәселеге қатысты тілшіміз Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласқан. Б.Қуанышбек әтір сыйламақшы болған басқарма басшылары оның үстінен шағым түсіріпті.   

«Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының м.а. Б.Қуанышбектің әріптестерімен әңгімелескен бейнежазбасы – сыбайлас жемқорлыққа шақыруды насихаттайды». Осылай деген видеода аты аталған екі басқарма басшысы құзырлы орындарға арыз-шағым түсірді.

Өз кезегінде бөлім қызметкерлері, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды елемей, әңгімеге кедергі келтірмейді. Бұл әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Ж.Тоқбаева.

В.Мұстапаева.

Мемлекеттік қызметші болып табылатын Б.Қуанышбектің шындыққа жанаспайтын әңгімесі әйелдердің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді. Осының бәрін ескере отырып, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Ж.Тоқбаева мен инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының басшысы В.Мұстапаева уәкілетті органдардан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң мен «ҚР мемлекеттік қызметшілерінің этикалық нормалары мен мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Кодекске сүйене отырып, Б.Қуанышбекке қатысты қатаң шара қабылдауды сұрайды. Сонымен қатар, олар мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін бұзғаныны үшін видеода көрінген бөлім қызметкерлеріне қатаң шара қолдануды талап етіп, арыз түсірді.

Арызда сондай-ақ әлеуметтік желілерде моральдық залал келтіргені үшін айыппұл салуды және ресми кешірім сұрау көрсетілген.

Қазіргі уақытта бөлім басшысының міндетін атқарушыға қатысты қызметтік тексеру басталды», – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Тегтер: