27 Мамыр 16:21

«Бәрібір чемпион болмайсыңдар!». Баталов спорт клубтарының қаржысы қанша қысқарғанын айтты

Фото:

Президенттің тапсырмасымен кәсіпқой клубтардың қаржысы қысқартылып, легионерлер саны азайтылып жатқаны мәлім. Осыған қатысты Nege.kz тілшісінің сұрағына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби спорт клубтарын толықтай мемлекеттік бюджеттен қаржыландырудың қажеті жоқ екенін ескерткен болатын. 

«Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда», – деген еді Мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң өңірлерде кәсіпқой клубтардың қаржысы қысқартылып, легионерлер саны азайтылып жатыр. Бұл Алматы облысындағы клубтарға да әсер ететіні анық. Брифинг барысында өңір басшысы шетелдік жаттықтырушы мен ойыншылардың қысқарғанын мәлімдеді. 

«Жетісу» командасы

«Бюджеттен 800 млн теңге футбол клубына, 300 млн теңге волейбол клубына бөлінді. Бізде мұндай 3 кәсіпқой клуб бар. Оның бірі «Олимп» қол добын ойнайды. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ. Ол жақтағылардың барлығы өзіміздің жергілікті ойыншылар. Футбол клубынан бұрынғы легионерлердің барлығын азайттық. Қазір біздің Жетісу командасында Талдықорғанда өскен қарапайым қазақтың балалары ойнауда. 

Алғашқы ойындарда барлығынан ұтылып жатыр еді, қазір міне, екі ойынды қатарынан ұтты. Бүгін-ертең басқа өңірге барып, сол жерде де ойын көрсетеді. Үшінші ойынды да ұтамыз деп отыр.

Бірінші кезде тәжірибе жетпейтіні анық, бірақ қазір үйреніп қалды. Есесіне, бойларында намысы бар. Бюджеті сол тапсырма бойынша 800 млн-нан көп, қазір 1 млрд-тан астам. Бұл – Қаржы министрлігі рұқсат берген бюджет.

Екіншісі – біздің Жетісу командасы, атақты команда. Сегіз рет Республиканың чемпионы болған. Ол жерге де жаттықтырушы етіп жас маманды қойды. Қазір жақсы жұмыс істеп жатыр», – деп жауап берді Амандық Баталов. 

Естеріңізге салайық, волейболдан «Жетісу» қыздар командасының мүшелері жуырда дауға қалған болатын. Бұл туралы сайтымызда «Жетісудың» волейболшы қыздары НЕГЕ тентектік жасады?» деген мақала жарияланып, кінәлілер тиісті жазасын алды. 

Коллаж: nege.kz

Алматы облысының әкімдігі волейбол спортына ерекше көңіл бөлетіндей себебі бар. Әкім Амандық Баталовтың өзі де волейболды тәуір ойнайды. Білетіндердің айтуынша, Амандық Баталов пен ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің арасында волейболдан өзара бәсекелестік те бар көрінеді.

Биылғы жылы Волейболға бөлінген қаражаттың аз екенін тілге тиек еткен әкім, бұрынғы жаттықтырушымен келісімшарт бұзылғанын және бірді-екілі легионер іздестіріп жатқанын брифинг барысында мәлімдеді. 

«Волейболдан Жетісу командасына бөлінген 300 млн теңге аз. Ол жерде шетелден келген түрік, екі кубалық қыз, бір колода Украинадан келген т.б. ойыншылардың жалақылары өте жоғары болатын. Қазір оның барлығын реттедік.

Жанболат – өте тәжірибелі жаттықтырушы. Мен оған хабарласып: «Дос болып қалайық, кешірім сұраймыз, бірақ сенімен тағы келісімшартқа қол қоюға жағдайымыз жоқ», –  деп айтып, түсіндірдім. Разылығын білдірді, әйелі де біздің команда ойнайтын.

Қазіргі кезде өзіміздің Елена Павлованы, біздің ең мықты волейболшы, соны жаттықтырушы етіп қойдық. Өзіміздің жігіттерден де команданың басшысын тағайындадық. Қазір қыздармен келісімшартқа отырып жатырмыз. Сонда да 1-2 легионер іздеп жатқан жайымыз бар. Бірақ сол берілген бюджеттік лимиттің шеңберінен аспаймыз. Жетісу командасы жақсы ойын көрсетеді деп ойлаймын. Өйткені үлкен тарихы бар керемет команда. Кезінде өзім құрғанмын. Берілген тапсырманың барлығын орындап сол нормамен келе жатырмыз», – деді Алматы облысының әкімі.

Жетісулық ойыншы жігіттер әлі шикі көрінеді. Оларға облыс әкімі уақыт бермек. Әкім нәтижені келесі жылы сұрайтынын айтты. Әрине, егер оған дейін жағдай өзгеріп кетпесе...

«Бәрібір чемпион болмайсыңдар! Тәжірибе жинауға уақыт керек» дедім. Ең бастысы Премьер-Лигада қалу маңызды. Ал келесі жылы мен олардан нәтиже сұраймын. Өзім спортпен көп айналыстым, оның барлығын білемін. Бірінші жыл үйренсін, келесі жылы нәтиже көрсетіңдер деп айтамын», – деді А.Баталов. 

Тегтер: