22 Желтоқсан 18:51

Атыраудағы сот: Антикор НЕГЕ асықты?

Фото:

Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Н.Таубаев пен құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Т.Басаровтың (суретте) қылмыстық ісін сот прокуратураға кері қайтарды. Себеп – заңның өрескел бұзылуы.

Кеше адвокат Нұрлан Жолболов әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазды: «Атырау облысының қылмыстық істерді қарайтын соты «пара алуға оқталды» деп айыпталған Н.Таубаев пен Т.Басаровқа қатысты қылмыстық істі прокурорға кері қайтару туралы шешім қабылдады. Алдын ала тыңдау барысында заң өрескел бұзылған.

Сот Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеушісі О.Тобашевтың сотталушылардың құқығын шектеп, адвокаттарына іс материалдарымен танысуға, өтінім беруге және оған жауап алуға мүмкіндік бермегенін анықтады. Сондай-ақ сот айыптау актісі бойынша сотталушыларға тағылған айыптың шегін анықтау мүмкін емес екенін мойындады.

Бұдан бөлек, сот мына мәселеге назар аударды: Айыптау актісін тергеуші 2020.12.03 күні дайындаған. Сол күні қол қойылған. Келісілген күні де сол. Прокурорға сол күні жіберіп, облыстық прокуратура сол күні іспен танысып, сотқа 2020.12.04 күні жолдаған. Бұл – тергеу органдарының, процессуалдық прокурорлардың өз міндетіне салғырт қарауының көрінісі.

Әдетте мұндай құқық бұзушылық жиі кездеседі, сот бұған көңіл бөлмейтін. Бірақ бүгін сот айыптаушы тараптың немесе қорғаушылардың сөзін сөйлемей, заңды бағыт ұстанды.

Егер істі принципті түрде осылай қарайтын болса, алдағы уақытта қоғам өкілдері тергеудің заң деген түсінікке мүлдем кереғар өрескел жұмыс тәсілінің куәсі болуы мүмкін».

Жемқорлықпен күрес қызметкерлері Н.Таубаевты 10 қыркүйекте «пара алуға оқталды» деп ұстаған. 22 қыркүйек күні адвокат Игорь Вранчев әлеуметтік желіде Н.Таубаевтың мәлімдемесін жариялады. Онда Таубаев облыс халқына үндеу жасап, «жаланың құрбаны болғанын» мәлімдейді.

«Бұл арандатушылықтың артында кім тұрғанын білемін. Біріншіден, өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеу үшін бәрін жасаймын. Екіншіден, осыны ұйымдастырғандар әділ жазасын алуға барымды саламын. Тіпті Президентке дейін барамын», – деген үндеуде.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов егер бұрынғы орынбасарының кінәсі сот үкімімен дәлелденсе, отставкаға кететінін мәлімдеді.

«Заң бәріне бірдей. Егер тергеу аяқталып және сот оны (Таубаевты – ред.) кінәлі деп тапса, заң талабы бойынша отставкаға кетуге дайынмын. Қабылдау немесе қабылдамауды Президент шешеді», – деген облыс әкімі.

Облыс әкімі М.Досмұхамбетовке отставкаға өтініш берудің қажеті болмауы да мүмкін. Әрине, егер сот дәл осы екпінмен қара қылды қақ жарар болса...

Тегтер: