18 Желтоқсан 20:03

Әшімбаев НЕГЕ сауысқаннан сақ?

Фото:

Мәулен Әшімбаев дегенде еске ең алдымен оның әкесі Сағат Әшімбаев түседі. Әдеби сыншының ұлы әділетсіздіктің сыншысы бола ала ма, жоқ па, оны уақытында көреміз.

Мәулен Сағатханұлы бүгінгі биігіне әп-сәтте қол жеткізген жоқ. Бұған дейін бірқатар қызметті абыройлы атқарып келді. Сонау 1994 жылдары саясатқа араласа бастаған Әшімбаевтың қызметтік өмірбаянына қарасақ, ұзын-сонар.  

М.Әшімбаев 2002-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары қызметін ың-шыңсыз атқарды.

Ол саясаттан бұрын қаржы саласын да бір кісідей меңгерген маман. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және социология факультетін бітірген (1993), экономист, политэкономия оқытушысы болды. 2001 жылы Қазақстандағы саяси транзит тақырыбы бойынша диссертация қорғап, саясаттану ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Әйтеуір, бір күні Қазақстанда да билік транзиті болатынын Мәулен Сағатханұлы білмесе, басқа кім біледі?..

Әшімбаев 2003 жылы Джон-Хопкинс университетінінің Халықаралық зерттеулер мектебінде (АҚШ) ғылыми тәжірибеден өтті.

Мәулен Әшімбаевтың саяси карьерасына көз салсаңыз, ой-шұңқыры жоқ, бірсыдырғы, кейде тіпті қызықсыздау көрінуі мүмкін. Қызықсыздау дегенде саяси күрес тұрғысынан айтып отырмыз. Мәулен Сағатханұлын саяси күрестің ортасында жүрген жоқ деп ешкім айта алмайды. Бірақ ол ешқашан көзқарасын ашық білдіріп, «тізгін үзіп» көрген емес. Содан да болар, қандай қызметке барса да, президент жарлығының «формулировкасы» өзі күткендей. М.Әшімбаевтың жақсы білетіндер оны сауысқаннан сақ десетіні де содан болса керек. Қаржылық һәм саяси топтардан саяқ жүргенінің бір пайдасы сол – түрлі дау-шарлардан басы аман.

Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары ретінде ішкі саясаттың сықырлаған ескі арбасын қалай сүйрейтіні алдағы жылы белгілі болмақ. Өйткені, алдағы жыл кім-кімге де оңай болмасы анық.

#әшімбаев #ашимбаев

Тегтер: