24 Қараша 10:03

«Алматы облысының активі жаңа әкімді күтіп отыр»

Фото:

Тұрақты оқырмандарымыздың бірінің хабарлауынша, бүгін Алматы облысының әкімі ауысады. Президент үлкен ауыс-түйістің басын дәл осы Алматы облысынан бастамақ.

«Алматы облысының әкімін ауыстырады екен» деген әңгіме шыққалы біраз болған. Алайда А.Баталов жылы орнынан жылжи қойған жоқ. Жуырда брифингте осы уақытқа дейін атқарған шаруасы мен алдағы уақытта істемек жұмысын айтты. Осы жиында Nege.kz тілшісі Ұйғыр ауданының атауын ауыстыру туралы берген уәдесінің жайын сұрағанда, әкім ашуланып қалды.

А.Баталов

Берген уәдесін не себепті орындай алмағанын мемуарында жазар, бәлкім. Енді қолы босайды ғой...

Сонымен Алматы облысына кім әкім болып тағайындалуы мүмкін? Оқырманымыздың айтуынша, Президент Қ.Тоқаев оңтүстік-шығыс өңірге көмекшілерінің бірін жібереді.

Президенттің төрт көмекшісі бар. Олар – Әсет Исекешев, Қанат Бозымбаев, Тамара Дүйсенова және Ерлан Қарин.

Ә.Исекешев

Қ.Бозымбаев

Т.Дүйсенова

Е.Қарин

Ә.Исекешев – Президенттің көмекшісі ғана емес, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. «Кітапханада» Исекешевтің жұмысы онсыз да көп.

Тамара Дүйсенованың да қосымша шаруасы шаш етектен. Ол – ҚР Президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі.

Ал Ерлан Қарин идеологияға жауапты. Ұлттық сенім кеңесі бойынша жүктелген міндеттемесі аз емес.

Ендеше, көмекшілердің ішіндегі ең қолайлы кадр – Қанат Бозымбаев.

Қ.Бозымбаев жеке секторды жақсы біледі, министр болды, бірқатар өңірлерді де басқарды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Бозымбаевқа сенім артуы әбден мүмкін.

Бізге жеткен ақпаратқа қарағанда, облыс әкімін тағайындау мәселесі бүгін түске дейін шешілуі мүмкін. Облыс активі Ақордадан келетін аса мәртебелі қонақтарды тағатсыздана күтіп отырған көрінеді.

«Облыстық мәслихат депутаттары Ақорданың ұсынысын бірауыздан қолдайды. Қолдамасқа лажы жоқ. Өйткені Ақорда бәрінің көңілінен шығатын адамды жіберді», – дейді тұрақты оқырманымыз.  

Тегтер: