Әкімдердің қызығы мен шыжығы: Жеңіс Қасымбек сұрақтарымызға НЕГЕ жауап бере алмады?

29 қараша, 19:19
Әкімдердің қызығы мен шыжығы: Жеңіс Қасымбек сұрақтарымызға НЕГЕ жауап бере алмады?
Фото: ortcom.kz

Бүгін Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын баяндады.

Жеңіс Махмұдұлының айтуынша, Сарыарқаның экономикасы «сықиып» тұрған көрінеді. Алайда аймақ басшысы айтқандай, облыстың жағдайы керемет емес екенін құжаттарға көз жүгірткен адам түсінеді.

Nege.kz тілшісі облыстың олқы тұсып жатқан тұсы мен жазушы Софы Сматайдың 80 жылдық мерейтойына әкімнің не үшін бармағаны туралы сұрады. Тілші мен әкімнің арасындағы диалог қызық болды.

Республикалық бюджет алдындағы облыстың қарызы 111 миллиард теңгеден асты. Бұл қарызды қалай қайтарасыздар? 2020 жылы бюджет дефициті 2019 жылмен салыстырғанда 13 есе өсіп, 66 миллиард теңге болды. 2022 жылы облыстағы бюджет дефициті қандай болады?

– Мен мұндай ақпаратты қай жақтан алғаныңызды білмеймін. Бізде асып бара жатқан қарыздарымыз жоқ. Жалпы республикалық бюджеттен келетін қаражат және бізден төленетін салықтар бәрі ол белгілі. Мен сізге осы жиынан кейін сұраққа нақты жазбаша жауап берейін. Бірақ бюджеттің дефициті норматив бойынша. Бізде асып бара жатқан дефицит жоқ. Бәріне жетіп жатыр, – деп жауап берді әкім.

Егер әкім білмесе айтайық, бұл – Облыстық бюджеттің 2020 жылғы атқарылуы туралы Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының есебінде айтылған көрсеткіш.

Тілшінің екінші сұрағы белгілі жазушы Софы Сматаевтың мерейтойына қатысты қойылды.  

– Жуырда Қарағанды қаласында Софы Сматаевтың 80 жылдық мерейтойына өтті. Аталған жиында жазушы «Әкім неге келмеді?» деп сізге ренішін білдірген екен. Жазушының кешіне не себепті бармадыңыз? Билікті өткір сынап жүрген жазушы болғандықтан ба?

– Жоқ, олай емес. Софы Сматаев ағамыздың тойын өткізу үшін жалпы біз көмекті көрсеттік. Ол жерде менің орынбасарым және басқа да әкімшіліктен жігіттер болды. Мен өзім ол кезде қалада болған жоқпын.

Жазушы Софы Сматаев.

– Жалпы сіз руханиятқа, әдебиет пен мәдениетке қалай қарайсыз? Қарағанды облысы индустриалды аймақ болған соң бұл мәселе назардан тыс қалып жатқан жоқ па?

– Жоқ олай емес. Тек осы жағдай емес, басқа да іс-шаралар облыста өтіп жатыр. Мысалы өткен аптада Жүрсін Ерман ағамыздың мерейтойы өтті. Ол жерде бәріміз толығымызбен қатысып, көмектестік. Осындай басқа да шаралар облыста өтіп жатыр. Мысалы келе жатқан желтоқсан айында Октябрь ауданының атын өзгертеміз. Келесі жылы да осындай үлкен-үлкен шаралар болады. Жалпы бұл мәселе сізге қызық болса, нақты сұрақтарға жазбаша түрде жауап беруге әзірмін.

– Сіздің ойыңызша, жазушының өкпе-реніші орынды ма?

– Жоқ. Орынды емес деп санаймын...

Осылайша Қарағанды облысының әкімі Nege.kz тілшісі қойған екі сұрақтан да «жазбаша жауап берейін» деп құтылды.

Жеңіс Махмұдұлының тәжірибесінің аздығын, өзге әкімдер сияқты додаға көп түсіп көрмегенін және жастығын ескеріп, жазбаша жауап алуға келістік.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

#қарағанды #қасымбек #бюджет #қарыз #лгбт