11 Қараша 18:24

Әкімдердің қызығы мен шыжығы: Баталов Ұйғыр ауданының атауына қатысты сұрақтан жалтарып кетті

Фото:

Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімдерінің «жарысы» басталды. Бұған дейін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин келген. Бүгінгі қонақ – Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Nege.kz тілшісі Амандық Ғаббасұлынан Ұйғыр ауданының атауын өзгертуге қатысты сұрақ қойды. Өйткені бұған дейін облыс әкімі «халықтың талап-тілегін жоғарыға жеткізуге» уәде берген. Тілшінің сұрағы осы тұрғыда болды: ««Бұған дейін сіз «Ұйғыр ауданының атауын өзгертуді жоғары жаққа жеткіземіз» деп уәде беріп едіңіз. Өкінішке қарай, аталған ауданның атауы әлі өзгерген жоқ. Жалпы сіз ауданның атын өзгерту мәселесін жоғары жаққа жеткіздіңіз бе?».

А.Баталов бұл сұраққа шамданып қалды. Ол жауабынан байқалды:

«Осымен екінші жыл сұрап отырсыз. Мен айттым ғой, жоғарыға жеткіздім! Бірақ бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Қазір халық санағы жүріп жатыр. Уақыты келеді, бұл мәселе көтеріледі. Былай жай күні звондасаңыз да бұған жауап беремін ғой...»

Амандық Ғаббасұлы қанша уақыт Алматы облысының әкімі болып отырса, Nege.kz бұл сұрақты сонша уақыт қоя береді. Өйткені әкім ойлағандай бұл «әкімді түртпектеу үшін ойлап табылған тақырып» емес, бұл – халықтың талап-тілегі. Сондықтан мұндай сұраққа шамданудың еш ретін көріп тұрғанымыз жоқ.

Әлде бұл ел алдында берілген уәдеден таю, нақты сұраққа жауап беруден жалтару ма?..

Тегтер: