26 Сәуір 19:02

Әкімдер жарысы: Рейтингіңіз қалай?

Фото:

Әлем елдерінде өмір сүру сапасы бойынша рейтинг жиі жасалады. Сол арқылы қай мемлекеттің қалай өмір сүріп жатқанын білуге болады. CSI Стратегиялық бастамалар орталығы да еліміздегі өңірлердің рейтингін ұсынды. Және бұл әдеттегі көп реитингтерден өзгешелеу. 

CSI серіктесі, экономист Олжас Құдайбергенов рейтинг бес бөлімді қамтығанын айтады. Атап айтқанда: білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік-экономикалық белсенділікті ынталандыру, өмір сапасы, мемлекеттік басқару сапасы. Жан-жақты дерек пен мәлімет жинау үшін Ұлттық статистика бюросы, әкімдіктер, Қаржы министрлігі және «Ашық диалог» портал көрсеткіштері қолданылыпты. 

Сонымен, әлгінде аталған бес бөлім бойынша сарапталған рейтингтің көш басында қай өңір тұр? Көрсеткіш әкімдіктердің жиілігіне, маңыздылығына және әсер ету дәрежесіне байланысты әр түрлі салмаққа ие. Жылдық және тоқсандық көрсеткіштердің жалпы салмағы әрқайсысы 50 балды құрайды. Аймақ үшін ең жоғарғы балл – 100.

Бірақ рейтинг бойынша облыстардың ешқайсысы 100 балл жинай алмады. Неге? Бұл сұраққа үңіліп көрсек, бізде әлгі бес бөлім бойынша көш ілгері жылжып тұрған өңір жоқ. Мәселен, ауыз су мәселесі бойынша көрсеткіштің ауылы шынайы өмірдегіден алыс сияқты. Мұндағы алғашы алтылыққа кірген Алматы, Шымкент, Қарағанды, ШҚО, Нұр-Сұлтан қаласында да ауыз су мәселесі шешілмеген елдімекендер баршылық. Алайда, «рейтингте топ-7 өңірдің ішіне кірмегенімен, осы көрсеткіш бойынша Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстары 7 үздік өңірдің қатарында» делінген.

Сол сияқты халықтың жан басына шаққандағы жалпы тұрғын алаңының болуы дегенге келсек, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы, Маңғыстау, Шымкент Қарағанды, Ақмола, Атырау өңірі баспанамен қамту жағынан алдыңғы орында екен.

Медициналық мекемелердегі орын жетіспеушілігі бөлімінде 10 өңірде ауруханада төсек саны жеткілікті, яғни 10 мың адамға 50 төсектен жоғары делінген. Атап айтқанда, рейтингте Қарағанды, СҚО, Ақмола, ШҚО, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Алматы қаласы, БҚО, Қызылорда, Қостанай облысында орын жетіспеушілігі мәселесі шешімін тапқан.  

Бұған дейін, яғни індетке дейін елімізде ауруханада орын жетіспеушілігі мәселесі өзекті еді. Коронавирус инфекциясы жайлаған уақытта төсек тұрмақ, аурухана жетіспейтіні анық көрінді. Бұл түйткілді модульді ауруханалар салып, шешуге тырысқанымыз да рейтингке оң әсерін тигізген сияқты.   

Жемқорлық және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың тіркелген фактілері бойынша, 6 өңірде жемқорлық және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың тіркелген фактілері жоқ дейді. Апта сайын жемқорлық дерегі бойынша бір лауазымды тұлға ұсталып жатқан елде көрсеткіштің де оңалуы мүмкін бе?  Осы көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстары үздіктердің қатарына кірген.

Ал үш ауысымда оқытатын мектекптің үлесі бойынша, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында үш ауысымды мектеп жоқ деген. Жалпы рейтингте топ-7 өңірдің ішіне кірмегенімен, осы көрсеткіш бойынша Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары үздіктердің арасында көрінеді. Дәл осы мәселеге қатысты сауал көп. Басқа өңірді қайдам, Алматы қаласының әкімі есеп беруінде «үш ауысымды мектеп санын біржола шешуге тырысып келеміз» деген еді. Демек, бұл мәселе атымен жоқ деген сөз емес.

Рейтингте көңілге қонымдысы мынау: Мектепке дейінгі ұйымдардағы орын мен мектепке дейінгі балалар (3-6 жас) санының ара қатынасы көрсеткіші бойынша 12 өңір бірінші орында, яғни 3-6 жастағы балалардың 100% мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Себебі, қазір әрбір отбасы мектеп жасына келген баласын білім алуға береді. Сондықтан бұл жастағы балалардың бәрі мектеп қабырғасында жүр.  

Сонымен, максималды бағалау көрсеткіші бойынша Атырау облысы (76 балл) көшті бастаса, үздік жетілікке Ақтөбе облысы (2-орын), Алматы (3), Нұр-Сұлтан (4), Қарағанды ​​облысы (5), Павлодар облысы (6), Шығыс Қазақстан облысы (7 орын) кірді.

Өңір рейтингін жасаушылардың айтуынша, бұл есептеу бірінші рет жүргізілді. Әрі қарай әр тоқсан сайын үнемі жарияланып отыратын көрінеді. «Болашақта рейтинг маңызды көрсеткіштердің анықталуына байланысты сәл өзгеруі мүмкін. Рейтинг әкімдіктердің жұмысын объективті бағалауға мүмкіндік береді және өңірлердің артта қалған көрсеткіштер бойынша жұмысты тиімді құруына мүмкіндік береді деп сенеміз» депті.

Ал, сіздіңше, рейтинг шынайы өмірдің көрінісі ме?

Тегтер: