27 Сәуір 14:41

Ахметжановтың да «мүмкіндігі жоқ»

Фото:

Антикордың бұрынғы бастығы Алик Шпекбаевқа 8 сәуірде ресми сауал жолдап, сұхбат беруін сұрағанбыз. Көп ұзамай, Алик Жатқамбайұлы қызметінен кетті...

А.Шпекбаев қызметінен босатылған күні Агенттік төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов «Агенттік төрағасының жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты сұхбат беру мүмкіндігі жоқ екенін» хабарлаған. Бұған түсіністікпен қарадық. Кететін адам кетті.

Алик Шпекбаевтың жасы 64-те. Яғни зейнеткер. Бірақ қатардағы көп зейнеткердің бірі емес, көп білетін зейнеткер. Сол себепті де Алик Жатқамбайұлы журналистер үшін әлі де қызықты фигура. Алда-жалда сұхбат бергісі келсе, Nege.kz порталының мінбері дайын екенін қайталап мәлімдейміз.

Агенттіктің жаңадан тағайындалған төрағасы Марат Ахметжановтың атына да 20 сәуірде ресми сауал жолдап, сұхбат беруін сұрадық. Әдетте екі апта күттіретін жауап екі күнде жетті. Жауаптың иесі тағы сол – О.Бектенов.

«Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) (бұдан әрі – Агенттік) Сіздің 2021 жылғы 8 сәуірдегі хатыңызды қарап, Агенттік Төрағасының жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты сұхбат беру мүмкіндігінің жоқ екенін хабарлайды», – депті.

М.Ахметжанов

Шпекбаевтың кезіндегі жауапы үтір-нүктесін де өзгертпестен, қайтадан жолдаған. Яғни Шпекбаев сияқты Ахметжановтың да мүмкіндігі жоқ. Бұдан не түюге болады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Марат Ахметжановты Агенттік басшысы етіп тағайындағанда құрылымның жұмыс стилін өзгертеді, жүйені тазартады, ашық жұмыс істейді деп сенгені анық. Антикорды құбыжық санайтын шенеуніктер мен қарапайым халық та жаңа басшыдан үміт күтті. Ал енді не болды?

Агенттікте ештеңе өзгермегенін төрағаның өзгермейтін бірінші орынбасары О.Бектенов пен оның жаттанды жауабынан-ақ көруге болады...       

Тегтер: