4 Қазан 16:18
...

Петропавлдағы үйлер неге жылусыз отыр?

Фото:

Бүгін СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен болған жиында өңірдегі жылу беру мәселесі талқыланды. Жылу беру маусымы 24 қыркүйектен басталғанымен, оған Петропавлдағы тұрғын үйдің барлығы қосылмаған. Қала әкімі Руслан Аңбаевтың айтуынша, бұған себеп көп.

  – Барлығы 107 объект жылумен қамтылды. Дегенмен, Жаңбаев пен Базарбаев бойындағы 6 үйге жылу қосылмады. Жылуды үнемдеу мақсатында уақытша бас тартып отырғандар бар. Олармен кездесіп, протокол толтырдық. Дайын болғаны туралы мәлімдейтін куәліктерін алды. Өздері кезек-кезекпен қосылатын болды, – деді ол жиында. Өз еріктерімен бас тартқандардан бөлек, басқа да себептермен жылу берілмеген үйлер бар болып шықты. «Петропавл жылу желісі» ЖШС басшынына сілтеме жасаған әкім ол баспаналардың неге жылусыз отырғанын айтты.

    Тақырыпқа орай:  Клебановтың кесірінен қызылжарлықтардың мұрнына мұз қата бастады

    – Кирпичный 2/1, Кирпичный 2/2 көшелеріндегі үйлер де коммерциялық мәселелерге байланысты жылуға қосылмады. Өйткені мұндағы тұрғындар жеке шоттарын ашпаған. Мұны Андрей Калиничев те растайды. Олар дербес шоттарын ашатын болса, 6-қазанға дейін орталық жылу беріледі. Ал Труда 6, Труда 7 үйлері қосылған элеватор желісінде ақау шыққан еді. Шамамен бір апта көлемінде бұл апатты жағдай реттеледі,  – деп уәде берді Петропавл әкімі Руслан Аңбаев. Сондай-ақ әкім Жабаев 11, 36, 40 үйлеріне қатысты да түсінік берді. Оның айтуынша, баспаналардың жылуға қосылмауына басты себеп – тұрғындардың уақытылы жеке шот ашпауы.

  – Бұл үйлерге салқын су қосылған, бүгін-ертең жылы су жіберіледі. Өкінішке орай, осы қалада тұрмайтын үй иелері бұл үйлерді субарендаға берген сияқты. Жеке шоттары жоқ. Өйткені жеке шотты үй қожайыны ашуы керек қой. Пәтер иелерін танимыз. Бәрі бақылауда, – деп мәлімдеді ол.

  NEGE тілшісімен байланысқа шыққан «Севказэнерго» баспасөз хатшысының мәліметінше, бұл – жылу желісіне қатысты емес, жеке тұрғындар мен әкімдік арасындағы мәселе.

    – Элеватордың жарылуына байланысты жылусыз қалған 2 үйге біздің компанияның қатысы жоқ. Ал бұрын балабақша болған екі мекеме үнемдеу мақсатында жылудан өздері бас тартқан. Жабаев көшесіндегі мәселеге келсек, «Севказэнерго» жылуды қосуға дайын еді. Бірақ оны қосуға құрылыс салушының өзі қарсы болды. Өйткені ол жылудың төлемін өз мойнына алғысы келмеді. Ал төлем мәселесін әкімдік тұрғын үй иелерімен қайта рәсімдеу керек еді. Қазір ол келісіпті. Жылу беруде біздің тараптан басқа мәселе жоқ, – деп түсіндірді «Севказэнерго» баспасөз қызметі.

Петропавлдағы жылусыз қалған үйлер мәселесімен танысқан СҚО әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындардың жеке шот ашудағы бейғамдығын сынға алды.

   – Техникалық жабдықтаудың бәрі дұрыс. Алдыңғы жылы жеке шоттарын ашпаған. Бұлай тегіннен-тегін шығын келтіруге болмайды. Бәрін заңды рәсімдеп, жылуды қостыру керек еді. Созып жүріп алған. Бұл мәселеде әкімдіктің де, ол үй тұрғындары да жауапты, – деді СҚО әкімі Руслан Аңбаевқа ескерту жасап.

Айта кетсек, наурызда құбыры құлап, одан бір қызметкері қайтыс болған «Севказэнерго» АҚ осы жылу маусымына дайын болмауы мүмкін деген болжамдар айтылған болатын. Ал компанияның бас директоры Олег Перфилов құлаған құбырды алып тастап, көнерген қазандықтарды бір-бірлеп жөндеу жұмыстары жүргізіп жатқандығын айтқан еді. Облыс әкімінің бүгінгі жиналысында ол ТЭЦ-2-дегі 12 қазандықтың 5-еуі жұмыс істеп тұрғанын, бұл қазіргі жылыту мерзіміне жеткілікті екенін жеткізді.

– Қазан айының соңына дейін 10 қазандық дайын болады. Дәл қазіргі ауа температурасы мен қазандық, құбырлардың жөндеуден шығу уақытын қарастырып айтқанда, жылу беруде ешқандай мәселе жоқ, – деді «Севказэнерго» директоры.

Ал «Петропавл жылу желісі» ЖШС басшысы 7 күн ішінде жылу тұрғын үйлерге берілгенін, енді жеке секторлар қосылып жатқанын жеткізді.

Тегтер: