Петропавлдағы сауда үйіндегі өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды
Петропавлда өртенген «Рахат» сауда үйіне қатысты құзырлы органдардың қатысуымен брифинг өтті.
Алматы, NEGE. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сергей Мелеховтың айтуынша, қазіргі уақытта 7 пәтерге зақым келгені белгілі. Бұл баспаналарда шамамен 30 шақты адам тұрады.
«Одан бөлек 7 бутик пен «Magnum» сауда орталығы жанып кетті. Оқиға орнында Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй қызметі жұмыс істеп, өрт кезінде сынған терезелерді бітеп, тұрғындарға салдарын жоюға көмектесіп жатыр. Эвакуацияланған тұрғындарға сол жерде көмек көрсетілді. «Magnum» сауда орталығы және «Огни Каспия» дәмханасы тұрғындарды ыстық тамақ, шай, сумен қамтыды. Жергілікті атқарушы орган баспанасына зақым келген тұрғындарды уақытша жаңа жатақханаға орналастырады, бірақ әзірге, өтініш білдіргендер жоқ. Қауіпсіз жерге шығарылған тұрғындарға жолаушы тасымалдаушылар екі автобус бөлді. Кешке дейін ауланы қалыпқа келтіру үшін коммуналдық қызмет жұмыс істеп жатыр», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Сергей Мелехов.
Қылмыстық іс қозғалды, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Келген шығынды кінәлі өтейді.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, өртенген ғимаратта соңғы тексеріс былтыр сәуір айында жүргізілген. Сол кезде 16 заң бұзушылық анықталған. Ол электр желілерінің дұрыс істемеуіне және ғимарат бөлмелерін қайта бөлуге қатысты болған. Кейін әкімшілік олқылықтардың жойылғандығы жөнінде есеп берген екен.
Бүгін таңғы сағат 4:50-де Петропавлдағы «Рахат» сауда үйінде өрт шығып, ол тек сағат 10.00 шамасында ғана толық сөндірілді. Өрт 200 шаршы метр аумақты шарпыды.