Петропавлда көзіне пышақ кіріп кеткен баланың қазіргі жағдайы белгілі болды
Петропавлда көзіне пышақ кіріп кеткен үш жасар сәбидің жағдайы ауыр. Ауруханаға дереу жеткізілген баланы аман алып қалу үшін дәрігерлер бар күшін салып жатыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Алматы, NEGE. Бала ас үйде жүріп пышаққа құлаған. Осы сәтте жанында анасы да болған. Бірден жедел жәрдем шақырып ауруханаға жеткізгенше, сәбидің жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер баланың көзі зақымданбаған дейді. Пышақ жанарының үстінен өтіп, миының ортасына дейін жеткен.
“Жағдайы ауыр. Жедел түрде жансақтау бөлімшесіне орналастырылды. Керекті барлық емдеу жүргізілді. Дәрігерлер консилиум жасап, КТК жасалынып, мамандармен келісім жасап, операцияға көрсеткіші жоқ. Бүгінгі таңда алты сағат сайын нейрохирургтар мен офтальмологтармен консультация алып қажет жатырмыз. Бүкіл қажет ем-шара жүргізіледі”, – деді СҚО көпбейінді балалар ауруханасының директоры Нұрлан Айманов
Қазір сәбидің өмірі үшін арпалысып жатқан дәрігерлер болашақта бұл жарақатының денсаулыққа қандай әсері болатынын айта алмай отыр. Ал полиция баланың неден жарақат алғанын анықтауға кірісті.
“Полиция бөлімішесіне үш жасар баланың ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілгені туралы ақпарат түсті. Петропавл қаласының полициясы баланың жарақат алу себебін анықтауда. Алдын ала болжам бойынша, бұл жағдай оқыстан болған”, – деді СҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әдемау Меңдібаева.