Петропавл – Қызылжар: Ақсақаловтың айтары жоқ па?
Сайтымызда өткен жылдың желтоқсан айында
«Петропавл емес, Қызылжар». Жастар СҚО әкіміне петиция тапсырды» деген материал жарияланған-ды. Материал әлеуметтік желіде кең таралып, қоғам талқысына түсті.
Алматы, NEGE. «Намыс» жастар қозғалысының мүшелерімен бірге Nege тілшісі Солтүстік Қазақстанға да арнайы барған еді. Жуырда петицияға ресми жауап та келді. СҚО әкімінің орынбасары Ғ.Нығметовтың ресми жауабы төмендегідей болды.


Облыс әкімінің орынбасары атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізген моншақтай баяндапты. Нығыметов өз сөзінде «Аталған мәселе оңтайлы шешімін тауып жатса, тәуелсіз еліміздің келбетін аша түсері сөзсіз» деп қайырады. Солтүстік Қазақстан облысының орталығын Қызылжар деп өзгерту күн тәртібінде тұрған шаруа екені айдан анық. Әйтсе де, Ақсақаловтың орынбасары мұны уақыт еншісіне қалдырыпты.
«Қаланың атауын өзгерту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 138 қаулысымен бекітілген әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Осыны ескеретін болсақ, қазіргі уақытта өзге ұлт өкілдері басым шоғырланған Петропавл қаласының атауын өзгерту уақыт еншісінде деп санаймыз», – депті Ғ.Нығыметов.
Бұл ретте «Намыс» белсенділері «Тәуелсіз ел болғалы 30 жылға жуық уақыт болды, қазақылануымызға тағы қанша жыл керек», – деп өз уәждерін жеткізді.
Намысшыл жастардың талабына облыс әкімінің өзі жауап бергені жөн болар еді. Әлде Ақсақаловтың айтары жоқ па?