13 Ақпан 17:18

Петропавл тұрғыны қайын атасын алаяқтардан құтқарып қалды

Полиция
Фото: Полиция

Петропавл тұрғыны қайын атасын алаяқтардан қалай құтқарып қалғанын айтып берді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы, NEGE. СҚО полиция департаментінің электрондық поштасына петропавлдықтан хат келіп түсті. Ол өз хатында интернет-алаяқтардың қатысуымен болған оқиғасы жайлы баяндаған.

 – Қайын атаммен бір шаруаларды ретке келтіреміз деп келіскен едік. Көлікке мініп, оны алып кету үшін уәделескен жерге келдім. Ішке кіріп, телефон арқылы әлдебіреумен сөйлесіп отырды. Тұтқаның арғы жағындағы ер адамның даусы күдік туғызатын ұсыныстар айтып жатты. «Міне шықтым, сәлден соң келемін. Терминал Достықта ма?» деген сөздерін естідім. Қайын атам қуанышты даусымен «Dostyq mall» сауда-ойын-сауық орталығына жеткізіп салуды өтінді. Неге деген сұрағыма:  «Мен полицияға алаяқты ұстауға көмектесіп жатырмын. Қазір ақша аударамын, кейін оны бірден Астана қаласында қолға түсіреді», – деді. Оған WhatsApp желісі арқылы әлдебіреулер хабарласып, «Астана қаласының полиция департаментіненбіз» деген.

– Банктегі есепшотына алаяқтар қол жеткізгенін, егер қайын атам несие алса, алаяқты ұстауға болатынын айтқан. Өзім бұндай жағдайлар жайлы естігенмін. Бұл – алаяқтар! Сақ бол. Әңгімені доғарып, тұтқаны қоя сал десем, қайын атам тыңдайтын емес. Егер менімен кездеспегенде, несие алып, алаяқтардың қармағына түсер еді. Қайын атамнан телефонын сұрап, әңгімені бастадым. Тұтқадағы дауыс та әңгімені сыпайы бастай кетті. Есімің, шенін, қалалық жұмыс телефоныңның нөмірін айтшы деп сұрадым. Арғы жақтағы жас жігіт те тоқтамай, «Не үшін? Оны қайтесіз?» деген сұрақтарын жаудырды. Мен де қалысатын емеспін. Сендерді тексеру үшін деп едім, жарқын шыққан дауыс бірден өшіп, тұтқаны қоя салды. Қайын атама алаяқтардың әккі әрекеттерінің қандай болатынын айтып бердім. Оған хабарласқан нөмірлерді қайта теруді ұсындым. Нөмір біздің жүйемізде тіркелмеген деген дауысты естіген қайын атам өзін алаяқтар алдап соқпақ болғанына көзі жетті.

«Банктің қауіпсіздік қызметіненмін», «Байланыс операторымын», «Полициядан қылмыстық іске қатысты хабарласып тұрмын» деген қоңырауларға сенбеген жөн.

Естеріңізде болсын, полиция қызметкерлері телефон арқылы жедел әрекеттер жүргізбейді. Адамдардан тек арнайы шақырту қағазын жіберген соң жауап алуға құқылы. Қаржылық операциялармен байланысты кез келген ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеріп алған абзал.