Перуашев «Штрафстан» сөзіне тағы жауап берді: Президенттің сынын сабақ ретінде қабылдау керек
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанды «Штрафстан» деп атаған сөзіне қатысты тағы да пікір білдірді. Журналист одан бұл мәлімдеме саяси карьерасына қалай әсер еткенін сұрады.
Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, ол бұл сөздің сәтсіз айтылғанын былтыр да мойындаған.
«Былтыр осы сөз қоғамда талқыланғанда, оның дұрыс емес екенін мойындадым. Парламентіміз дөрекі сөйлемей, мәдениетті сөйлеуге міндетті. Мұны бір жыл бұрын да айттым. Кеше Президент мені ғана емес, басқа адамдарды да сынға алды. Бұл – жұмыс, бұл – тіршілік. Президенттің сыни ескертуін қабылдап, одан сабақ алып, әрі қарай жұмыс істеуіміз керек», – деді Перуашев.
Еске салайық, 2 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте «Штрафстан», «Айыппұлстан» деген тіркестерді қолданатындарды сынға алды. Президенттің сөзінше, заң бұзушылықтарға қатаң шара қолдану қажет, ал «Заң мен тәртіп» саясаты жалғаса береді. Ол мұны қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке деген халық сұранысымен байланыстырды.
«Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары да бар, құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек», – деп атап өтті ол.
Бұған дейін, 2025 жылғы қаңтарда да Тоқаев елге түрлі лақап ат қоюды сынаған еді. Сол кезде Перуашев өзінің «Штрафстан» деген сөзін «сәтсіз термин» деп атап, ел ішіндегі мәселені талқылау бір бөлек, ал оның мемге айналып кетуі басқа мәселе екенін айтқан.
Перуашев бұл тіркесті алғаш рет 2024 жылғы 4 желтоқсанда Мәжілісте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістерді талқылау кезінде қолданған. Ол кезде «Ақ жол» фракциясы кәсіпкерлерге салынатын қомақты айыппұлдарды 3–5 есе азайтуды ұсынғанын, бірақ бұл ұсыныс қолдау таппағанын айтқан. Сол сөзінде депутат: «Сіздер әлдебір “Штрафстанды” құрып жатырсыздар», – деген еді.