«Перуашев осы ақпаратпен орынбасарының жемқорлығын жасырып қалғысы келеді» – Экс-депутат Асқар Садықов өзіне тағылған айыпқа жауап берді
Кеше «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Асқар Садықовтың депутаттық мандатынан не себепті айырылғанын түсіндірген болатын.
Алматы, NEGE. «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің айтуынша, Асқар Садықовқа қатысты бірқатар шағым түскен.
- Тақырыпқа орай: «Парламентте жұмыс істейтін әйелге ұятсыз ұсыныс айтқан» – Депутат Асқар Садықовтың не себепті мандатынан айырылған белгілі болды
«Шағымдардың дені оның теріс іс-әрекеттеріне, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуына байланысты болды. Шағымдардың әрқайсысы бойынша жеке-жеке фактілер келтіруге болатын болса да, бір ғана мысалды атап өту жеткілікті деп ойлаймын. Мәселен, парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам А.Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып арызданды. Ол өзінің сөзіне дәлел ретінде ватсабына А.Садықовтан келіп түскен хабарламалардың скринін көрсетті (этикалық себептертерге байланысты оның бопсалауына тап болған аталған жәбірленушінің есімі жасырылған)», — деп жазған еді Перуашев.
Асқар Садықов өзіне тағылған айыптарға қатысты пікір білдіріп, видеоүндеу жасады. Ол «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевты өтірік айтты деп айыптады.
«Мен соңғы жаңалықтарға байланысты алдарыңызға шығуды жөн көрдім. Мені партиядан шығарып, депутаттық мандатымнан айырды. Мен халық және мемлекет мүддесі үшін заң аясында қызмет еттім. Депутат ретінде ешқашан билікке ұмтылған емеспін. Мен халықтың адамы болу үшін саясатқа кірдім. Мен заңның жеке адамға емес, халықтың мүддесі үшін жұмыс істегенін қаладым. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін маңызды. Мен — 6 баланың әкесімін. Азат Перуашевтің маған қатысты айтқан соңғы мәлімдемесіне жауап бергім келеді. Мені өзіңіздің лас ойындарыңызға және манипуляцияңызға араластырмаңыз! Енді үнсіз қалмаймын. Мұндай мәлімдеме партия басшысының деңгейіне сай емес. Десе де, Азат Перуашев бірнеше рет халықты жаңылыстырған еді. Бұл оның жұмыс істеу стилі болса керек», — дейді экс-депутат.
Асқар Садықовтың айтуынша, Азат Перуашев осы ақпаратпен орынбасарының жемқорлығын жасырып қалғысы келеді.
«Азат Перуашев, мен тікелей өзіңізге айтамын. Егер мені партиядан шығарғыңыз келсе, менің абыройыма нұқсан келтірмей, басқа дәлел ұсынсаңыз болар еді. Бірақ өкінішке қарай сізде ол да жоқ. Тіпті, мұндай келеңсіз жағдай расымен болған күннің өзінде сіз мамыр айында бұл мәселені менімен және партия өкілдерімен талқылайтын едіңіз. Біріншіден, менен әлі күнге дейін түсініктеме алынған жоқ. Екіншіден, партия басшылығы бұл жайт туралы маған айтпады. Үшіншіден, бұл мәселе Мәжілістің тәртіптік кеңесінде талқыланған жоқ. Сіздің мәлімдемеңізді оқып мен да барша қазақстандықтар сияқты таңғалып отырмын. Бұған дейінгі жалған мәлімдемелеріңіз туралы отандық БАҚ біледі. Азат Перуашев өзінің орынбасарының жемқорлығын жасырып қалмақ болып, осы ақпаратпен халықтың назарын аударды. Азат Перуашев, сіз өз мақсатыңызға жеттіңіз», — дейді Асқар Садықов видеоүндеуде.