Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қандай айып тағылды? Прокурорлар айыптау актісін оқыды

Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот отырысы басталды. Прокурорлар Арман Кезекен мен Мадина Оразалина айыптау актісін оқыды.
Алматы, NEGE. Тергеу мен прокуратураның пікірінше, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева қылмыстық әрекеттерді өздеріне пайда табу мақсатында, заңсыз екенін біле тұра жасаған.
«2018 жылдың 27 қарашасында Наlук қайырымдылық қоры әлеуметтік жобаларды қайтарымсыз қаржыландыру үшін birgemiz.kz интернет-платформасын іске қосты. Бұл платформа халыққа COVID-19 індетімен күресте көмек көрсету кезінде «Біз біргеміз» ұранымен үлкен танымалдылыққа ие болды. Перизат Қайрат «Біз біргеміз» акциясының халық арасында кең қолдау тапқанын нақты біле отырып, азаматтар мен заңды тұлғалар қайырымдылық ретінде аударған қаражатты алаяқтық пен сенімді теріс пайдалану арқылы иемденуге бағытталған қылмыстық ойды жүзеге асыруға кіріскен», – деді прокурор Оразалина.
Айыптаушы тараптың пікірінше, П.Қайрат «Біз біргеміз» атты ұранмен қоғамдық бірлестік құрып, өз атына және анасының атына шоттар ашқан. Мұқтаж жандарды іздеп, акциялар мен әлеуметтік желілер арқылы қайырымдылыққа деп ақша жинаған. Бұл қаражаттың бір бөлігін имидж үшін көмек ретінде жұмсап, қалғанын иемденіп, туыстары арқылы жымқырып, заңдастырған. Ақша қолма-қол шешіліп, жеке пайдаға жұмсалған.
Алаяқтықты жасыру үшін анасы екеуі өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсетіп жүрген.