19 Мамыр 16:10
...

Пайдасы жоқ «Қазақмыс». Олигархтар НЕГЕ үш жыл бойы дивиденд алмай отыр?

Казахмыс
Фото: Фото: Nege.kz

Соңғы жылдары олиграх Владимир Кимге тиесілі «Қазақмыс» корпорациясы «Air Astana» синдромын бастан кешуде. Яғни, «выручка» өседі, бірақ таза кіріс құлдырайды. Компанияның азғантай табысы акциялардың 70 пайызын ұстап отырған Владимир Ким мен 30 пайызына иелік ететін Эдуард Огайға дивиденд алуға мүмкіндік бермеді.

«Kazakhmys Copper» акционерлік қоғамы 2024 жылдың қаржылық есебін шығарды. Мыс алпауытының жалпы «выручкасы» 1,43 триллион теңгеге жеткен. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 100 миллиард теңгеге артық. Ортақ түсім 451,7 миллиард теңге шамасында. Ол өз кезегінде бір жыл бұрынғы нәтижеден 70 миллиард теңгеге көп.

Казахмыс
Фото: "Kazakhmys Copper" АҚ 2024 жылғы шоғырланған қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young

Бірақ, дәл осылай бола тұра «Қазақмыстың» таза кірісі 63,5 миллиард теңге ғана шығып отыр. Мысалы, 2023 жылғы таза пайдасы 109,6 миллиард теңге болған еді. Яғни таза пайдасы екі есеге азайған.

Таза пайданың аз болуының басты себебі – компанияның қарыздары. Қазір «Қазақмыстың» қарыздық жүктемесі 700 миллиард теңгеге жетіп отыр. Соның салдарынан 2024 жылы қаржыландыру шығыны 107 миллиард теңгеге жетті. Яғни пайданың бәрін қарызды өтеу жеп қойды. Одан бөлек, «Қазақмыстың» төлейтін салығы көбейіп, бюджетке 48 миллиард теңге аударды.

Казахмыс
Фото: Nege.kz

Компанияның қожайындары – олигархтар тандемі Владимир Ким мен Эдуард Огай «таза пайда мардымсыз» деген желеумен «Қазақмыстан» дивиденд алмайтын болған. 3-4 жыл таза табысқа тиіспегендіктен, үлестірілмеген кіріс сомасы 600 миллиард теңгеден асып кетті.

Бірақ, біз білетін Владимир Ким дивиденд алуға мүмкіндік туса, оны бірден пайдаланатын еді. Сол себепті, «Қазақмыстың шын қожайыны Владимир Ким бе?» деген сұрақ еріксіз қайта туындайды.

«Қазақмыстың» борышы тағы да артатын сыңайлы. Себебі компания биыл «Sea Daflia» қорынан Оман риалымен 54 миллиард теңгеге парапар соманы қарызға алды.