Павлодарда өткен айтыстың Бас жүлдесі кімге бұйырды?

Екі күн қатарынан өткен жыр додасының бас жүлдесін қазылар алқасының шешімімен «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев жеңіп алып, қанжығасына екі млн теңгені байлады.
Бірінші орынды бірнеше облыстық, республикалық жыр мүшайралары мен айтыстардың жеңімпазы, жүлдегері Абзал Қабдраш лайық деп танылып, бір миллион теңге табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов құттықтады.
– Қазақ елі Тәуелсіздіктің мерейлі кезеңіне үлкен жетістіктермен жетті. Шекарамызды бекітіп, мемлекеттік және ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, қайта жаңғыртты. Әлемдік қауымдастық алдында өзінің лайықты орнын алды. Ұлық мереке қарсаңында айтыстың басталғаны игі дәстүр. Себебі, ел тәуелсіздігінің 30 жылында біздің өңірімізде айтыс ақындарының үлкен шоғыры қалыптасты. Жалпы ақын ретінде сахнада елдің сөзін сөйлеу - үлкен жауапты іс. Біздің жас ақындарымыз өңіріміздің намысын республика көлемінде лайықты қорғап жүрген Аспанбек Шұғатаев пен аламан айтыстардың жеңімпазы Рауан Қайдаровқа қарап, бой түзейді. Желдірме ақындар мектебінің жетістіктері де жоғары мақтанышқа ие. Жыл сайын дәстүрлі түрде оқушылар, студенттер арасында қалалық, облыстық деңгейде айтыстар өтіп жүргені белгілі. Бүгін де ата дәстүрді жалғастырып, жоғары деңгейде өткен айтысты тамашаладық, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Екінші орынды Қуаныш Шарманов пен Рауан Қайдаров еншілеп, 700 мың теңгеге ие болды.
Үшінші орын бұйырған Бөкен Жігер мен Мизан Жұмаліге 500 мың теңге табысталды.
Арнайы жүлде және 150 мың теңгемен Мәрес Байрон, Ернар Құсанов, Айбек Оралхан, Бейбіт Бөжен, Гүлшекер Батай, Тілек Сейітов, Нұрбек Бәкір және Қайролла Хафиз марапатталды. Сондай-ақ өнер жанашыры, «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері Асылбек Туғанбай арнайы жүлдесін Айбек Оралхан мен Оразбек Саяхатқа ұсынды.
Облыстық ақындар айтысына белсенді қатысқаны үшін Алғыс хат пен 100 мың теңге сыйақыға келесі ақындар иеленді:
Бейсембі Мұқажанов (Ақтоғай ауданы), Жұмкен Сейітов (Баянауыл ауданы), Шолпан Байғалы (Павлодар қаласы), Қанат Шайғазин (Павлодар ауданы), Амангелді Уақбаев (Ертіс ауданы), Таңат Ахатов, Жеңісбек Пәзіл (Баянауыл ауданы), Бағдат Әлекбаев (Екібастұз қаласы), Алтай Қадырбек (Павлодар ауданы), Оразбек Саяхат (Шарбақты ауданы), Алтынбек Мақсатхан (Ақсу қаласы), Қуандық Башой (Тереңкөл ауданы), Ерлан Бағлан (Май ауданы).
Еске сала кетейік, Ертіс өңірінің мәдениет, әдебиет, соның ішінде айтыс саласының дамуына зор үлес қосқаны үшін бірқатар ақындарға «Руханият» медалі табыс етілді.