Павлодарда Асанәлі Әшімовтің музей-кабинеті ашылды
Алматы, NEGE. Онда актердің киген шапаны, шахмат тақтасы, үстел үсті жиынтықтары және өзге де пайдаланған жеке заттары, фотосуреттері қойылған.
Асанәлі Әшімов – қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі. Театр саласында да майталманның еңбегі жарқырап көрінді. Музей-кабинеттің ашылу салтанатында актердің өзі атап өткендей, «Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық».
«Өнер өлкесінде атың естіле бастаса, дұшпаның көбейетіні болмысымызда бар. Адам сынмен өседі, айтыс-тартыста шыңдалады. Шарболаттай әбден жетіліп шығып, өнердің көгінде қалықтататын шабыт шіркіннің таусылмағаны абзал. Бүгін ерекше толқып отырмын. Бұқар жырау музейі мен үшін айрықша сый жасады. Жастық шағымдағы, кино мен театрдағы ұмыт болған кейбір естеліктер ойға қайта оралып отыр. Сирек фотосуреттерді көрдім. Музейдің бұл музей-кабинеті менің жеке тұлғама емес, қазақ киносына жасап отырған тартуы деп ұғындым. Керекудің топырағы құйқалы, Жұмат Шаниндай ұлттық театр өнерінің негізін салушы тұлғаны, Шәкен Аймановтай қазақ киносының атасын дүниеге келтірді. Қаншама театр және кино актерлері, өнер адамдары өсіп шықты. Сол аталарымыздың қасиетті рухы бүгінгі ұрпақты желеп-жебеп, елдің азаматтары өнерді әс көтеріп жатқаны мені айрықша қуантады. Музей деген өткенді жұртпен табыстыру, руханиятты насихаттау болса, бүгінгі өнегелі іс осы үдеден толықтай шығып отыр», - деп алғысын жеткізді Асанәлі Әшімұлы.