Павлодар облысының әкімдігі қашан шырша орнатады?

Nege.kz порталы облыс әкімдерінен Тәуелсіздік күніне, Жаңа Жыл мерекесіне қандай дайындықтар жүріп жатқанын, шырша қашан орнатылатынын, бюджеттен қанша қаражат бөлінетінін сұрап, ресми сауал жолдаған. Павлодар облысының әкімдігі сергек екен, сауалдарымызда ең бірінші болып жауап берді.
Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы С.Бегалинованың жазуынша, бүгінгі күні коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты, Павлодар облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 6 қарашадағы №13 «Шектеулік карантиндік шаралар туралы» қаулысы негізінде барлық мекеме қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкен.
Мүмкіндігінше, қазір барлық бұқаралық іс-шаралар танымал әлеуметтік желілерде онлайн режимде өткізілуде. Олар негізінен – инстаграм, фейсбук және ютуб арналары екен.
Биылғы жылы да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ұсыныстарына сәйкес өткізіледі.
Павлодар облысы бойынша Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай 300-ден аса мәдени іс-шаралар жоспарланды. Олар мерекеге арналған көрмелер, концерттер, спектакльдер, Ұлт Көшбасшысы туралы фильмдер, тақырыптық бағдарламалар және сайыстар. Әлеуметтік желілер мен медиа ресурстарда солистердің әртүрлі концерттері, түрлі сала мамандарының дәрістері, челенждер, мастер-класстар және әртүрлі форматтағы тағы басқа іс-шаралар өткізіледі.
Тәуелсіздік күніне қандай мерекелік шаралар жоспарланған?
ҚР Тәуелсіздік күнін мерекелеу ҚР Президенті Әкімшілігінің ұсыныстарына сәйкес өткізіледі.
ҚР Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, Павлодар облысы бойынша 400-ден астам мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Барлық қалалар мен аудандарда мерекелік концерттер, патриоттық сағаттар, деректі фильмдердің көрсетілімі, конкурстар, спектакльдердің көрсетілімдері ұйымдастырылады.
16-18 желтоқсан күндері тұрғын үйлердің терезелері мен балкондарына Мемлекеттік туды орната отырып «Менің туым, Менің Отаным!» бұқаралық челленджін өткізу жоспарлануда.
Павлодар облысы Жаңа жылдық шыршаны қашан орнатады?
2020 жылы Павлодар қаласында Жаңа жылдық безендірулерге 15 млн 900 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Қаланы безендіру келесі жұмыстарды қамтиды:
- Орталық алаңда биіктігі 30 метр шыршаның орнатылуы;
- Қала бойынша түрлі-түсті шамдарды орнату;
- Гагарин атындағы саябақта және Усолка мөлтек ауданында биіктігі 15 метр екі шырша орнату.
«Жаңажылдық безендірудің барлық бөлшектері өткен жылдардан қалды. Шыршаның құрылымын жинау, құрылыстың беріктігі үшін бетон блоктарын орналастыру, шыршаның безендіру бөлшектерін құру жұмыстары жоспарланды. Шырша ҚР-ның Тәуелсіздік күні мерекесінен кейін жағылады. Шыршаны жағу рәсімі онлайн форматта өтеді».
Бүгінгі күнге Павлодар облысы эпидемиялық жағдай бойынша «Қызыл аймаққа» енді. Сол себепті, Павлодар облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 6 қарашадағы №13 «Шектеулік карантиндік шаралар туралы» қаулысына сәйкес салтанатты кештер өткізуге тыйым салынған.
Егер әкімдік қызметкерлері өз қаражатымызға мерекелік кеш ұйымдастырып отырамыз десе, айыппұл салынады. Өйткені, қаулыға сәйкес, жаңажылдық банкеттер өткізуге тыйым салынған.
«Облысымыздағы жағдайды ескере отырып, көпшілік халықты бір орынға жинамау мақсатында Жаңа жылға арналған отшашу рәсімі өткізілмейді».