28 Маусым 16:30
...

Павлодар облысында қаңтар оқиғасынан кейін не істелінді?

Фото:

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдегі қаңтар оқиғасынан кейінгі қорытындылар және одан соң жасалған жұмыс туралы айтып берді. Спикердің айтуынша аймақ билігі ескі жоспарларды қайта қарап, жаңа іс-қимыл бағдарламасын құру туралы жариялады. Бағдарламаны құрастыруға өңірдің халқы қатысты. Бір аптаның ішінде облыс тұрғындары 2,5 мыңға жуық ұсыныс жіберсе, олардың 60 пайызға жуығы жұмыспен қамту және жастар мәселелеріне қатысты болды.

«Біз осы мәселелер бойынша стратегиялық сессиялар өткіздік, сессиялардың жұмысына 150-ге жуық адам олардың ішінде әр түрлі жастағы ауылдар мен қалалардан келген түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері болды. Сессия жұмысына 5-қаңтарда алаңға шыққан адамдар да қатысты. Көпшілікпен талқылаудың қорытындысы бойынша 2022 жылға арналған Іс-қимыл бағдарламасы құрастырылды. Бағдарламаға нақты проблемалар мен нақты мақсаттарға белгіленген нақты шаралар: 5 мың жұмыссыз жастарға жұмыс тауып беру, 12 мың оқушының белсенді демалуына жағдай жасау және басқа да іс-шаралар енгізілді», - деді Әбілқайыр Сқақов.

Әкім ауыл жастарын жұмысқа орналастыру жұмысы туралы  айтып, жаңа бағдарлама іске қосылғаннан кейін өңірдің 6 мыңға жуық тұрғыны жұмыс тапқанын атап өтті. Бұған жаңа тәсілдер, соның ішінде мобильді жұмыспен қамту орталықтарын іске қосу, өзекті мамандықтар орталықтарын ашу және «Отбасының цифрлық картасы» бойынша жұмыс ықпал етті.

«Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері кәсіпорындардың HR-қызметтерімен бірлесіп, адамдар көп жиналатын жерлерге және шалғай ауылдарға барады. Сонымен бірге, мобильді жұмыспен қамту орталықтары құрылды. Яғни, қазір адамдар ғана жұмыс іздемейді, жұмыстың өзі адамдарды іздейді. 19 білім беру мекемесінің жанынан жастарға арналған орталықтар ашылды. Олар ХҚКО сияқты, тек жастар үшін құрылған. Мұнда жастарға кеңес беріледі, құжаттар рәсімдеуге, жұмысқа орналасуға көмектеседі, сол жерде оқытады және тағылымдамалар ұйымдастырады. Сондай-ақ, біз қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларды анықтаумен тығыз айналыстық», - деп атап өтті Павлодар облысының әкімі.

Жергілікті атқарушы органдардың кез келген шешімдерінің негізінде тұлғаға бағытталған қағидат жатыр, деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов. Ол емханалардың жұмысын жаңғырту және тұрғындардың өтініштері негізінде жүзеге асырылатын балаларды қорғау жөніндегі шараларды мысалға келтірді. Атап айтқанда, Павлодарда мемлекеттік органдардың үш ғимараты балалардың оңалту орталықтарына берілді, ал емханаларға қоңырау шалу уақыты 4 есе қысқарды және дәрігерлердің жүктемесі цифрлық және медбикелік бекеттерді енгізу есебінен 35 пайызға төмендеді.

«Балабақшалар мен мектептерде тегін ыстық тамақты қаржыландыруды 1,8 есеге, яғни, 4 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Қазір облыстағы оқушылардың жартысынан астамы осы қолдау шарасымен қамтылған. Ал, 1 мамырдан бастап өңірдің үш қаласында барлық оқушылар үшін қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі бар», - деп жалғастырды әкім балаларды қолдау шаралары туралы.

Әбілқайыр Сқақов спорттық инфрақұрылымды дамытуды және дарынды балаларды қолдауды осы шаралардың қатарына жатқызды. Биыл Павлодар облысында жеті ірі спорт нысаны, 13 шағын футбол алаңы және 63 спорт алаңы салынып жатыр. Өңірде мектеп кітапханалары да жаңғыртылып, мектеп оқушыларына ерте кәсіби бағдарлау жүріп жатыр, оқуда жетістікке жеткен балалар «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығымен марапатталады.

Тегтер: