Жаңа тыныс: Павлодар облысында жаңартылған ескі ғимараттар туралы бес мысал
Павлодар облысында ондаған жылдар, тіпті, ғасырлар бойы жөнделмеген мәдениет, спорт және білім ғимараттары жаңартылды.
Павлодар, NEGE. Олардың кейбірі осы уақытқа дейін мүлдем қараусыз қалған еді. Мысалы, облыстық балалар кітапханасы елу жыл жөнделмей тұрған.
«50 жылда бұл ғимараттардың іргесі мен қабырғасы тозып, іргетасына су кіріп қиын болған еді. Қазір жасалған күрделі жөндеуден кейін айырмашылығы жер мен көктей. Сыртқы келбеті жөнделгеннен кейін жаңа оқырмандар келіп: «Бұрын осында кітапхана барын білмедік» деп жатыр», – дейді Торайғыров атындағы облыстық кітапхана басшысы Шолпан Шахметова.
Ал, Чехов атындағы орыс драма театрының қосалқы бөлігінде күрделі жөндеу 100 жылда алғаш рет жасалып отыр. Сонымен қатар, Ақсудағы тир ғимараты 30 жыл бойы қаңырап тұрса, қазір онда спорт залы және садақ пен пневматикалық винтовкадан ату секциялары жұмыс істейді.
«КСРО ыдырағаннан кейін ғимарат консервацияланды. Бұл Қазақстандағы жалғыз жүз метрлік атыс тирі. Өткен жылы облыс басшылығы оны қалпына келтіру туралы шешім қабылдады», – дейді БЖСМ директоры Андрей Горохов.
Пайдалануға берілгеніне 60 жыл болған Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернат облыс әкімі жүзеге асырған «Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша алғаш рет жаңартылды. Павлодар облысының осы және басқа мекемелеріндегі өзгерістер туралы «Жаңа тыныс» бейнеролигінен көруге болады.
2020 жылы Павлодар облысында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала бойынша жөнделіп немесе салынған ғимараттар саны – 696. Бұл негізінен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүзеге асырылды. Ал оны іске асыру өңірде тұрғындардың сұранысына сай жүргізілді.