Павлодар облысында балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту қарқынды жүріп жатыр
Павлодар облысында секцияларды жан басына қаржыландыру есебінен балалар мен жасөспірімдер спорты дамып келеді. Бұл туралы аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді.

– Қазір облыста 22 спорт мектебі бар, онда 25,5 мыңнан астам бала жаттығады. Спорт секцияларын жан басына қаржыландыру арқасында алдағы үш жылда кем дегенде тағы 13000 бала қамтылмақ, – деді Әбілқайыр Сқақов.
Оның айтуынша, Павлодар облысында бұқаралық спортты дамыту аясында спорттық инфрақұрылым кеңейтілмек. Осылайша, биыл Жетекші ауылында дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ашылды. Жалпы, биыл Павлодар облысында 13 спорттық нысанды, оның ішінде ауылдық жерлерде толық көлемді футбол алаңдарын жөндеу және салу жоспарланып отыр. 2020 жылы облыста 40-тан астам спорт нысандары жөнделіп, бой көтерді.

Сонымен қатар, баспасөз конференциясында биыл Павлодар облысының ауылдарында жүзеге асырылып жатқан 150-ге жуық абаттандыру жобалары туралы белгілі болды. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы 22 елді мекенді қамтып, онда 65 шақырым жол, 11 спорттық және мәдени нысан, 14 мектеп жөнделіп, жаңадан салынбақ. Шағын және орта бизнесті қолдаудың аймақтық «Business Ertis» бағдарламасын ұйымдастырушылар да биыл ауылға аттанды.
Бағдарлама жыл басында іске қосылып, бастапқы кезеңде бес бағытта жүргізілді: инновациялық, әлеуметтік, экологиялық жобаларды қолдау, инвестицияларды тарту және ШОБ атаулы көмек көрсету. Жергілікті профильдік мекеменің мәліметінше, «Business Ertis» жақсы нәтижелер көрсетіп, облыс аудандарын да қамти бастады.
Баспасөз конференциясында жарияланған мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері Павлодар облысының экономикасына 134,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, былтырғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен үштен бір бөлікке артқан. Жыл басынан бері шағын және орта бизнес саны 350-ге, сауда көлемі 30 миллиард теңгеге өскен.